Қарағанды облысының Ақшатау кентінде ауызсу тапшы
Жақын жерден қазылған жалғыз құдықтың суы тұрғындарды тіршілік нәрімен жыл он екі ай қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Амал жоқ, 30 шақырым қашықтағы Ақжал ауылынан күн сайын бөшкемен тасуға тура келеді. Ширек ғасыр бойы шешілмей келе жатқан өзекті мәселенің түйіні бар ма?
Ақшатау кентінің тұрғындары 26 жыл болды ауызсуға жарымай келеді. Қысы-жазы елді-мекеннің сыртындағы екі құдықтан тасып ішеді. Оның өзі кестемен беріледі екен. Ал мал ұстап, бау-бақша өсіруді мұндағы халық мүлде ұмытқан.
Мәкен Алдабергенова, Ақшатау кентінің тұрғыны:
-Бақша жоқ, мал жоқ, біз бір бөшке судың өзін әзер көтеріп кіргіземіз үйге. Біз қалай огород саламыз. Жолдасым 80-нен асты, мен 70-тен астым. Мінеки, осы уақытқа дейін су тасып жүрміз.
Өндіріс дүрілдеп тұрған кезде Ақшатауға ауызсу 35 шақырым қашықтықтағы Жәмші жерасты су қоймасынан жеткізілген. Кейін фабрика тоқтаған соң құбырдың тоз-тозы шығады. «Тұрғындар енді соны қайтадан қалпына келтірсе», — дейді.
Руслан Қанафин, Ақшатау кентінің тұрғыны:
-Біздің талабымыз 35-тен қайта су тарса. Мына жақтарда, бір-екі жерден мысалы, су қазды, бұрын ішіп отырған суымыздың өзін бітеп тастады қазамыз деп.
Халықты ауызсумен қамту үшін 2000 жылы 8 шақырым жерден үш бірдей скважина қазылған. Бірақ жыл өткен сайын оның да суы тартылып барады. Әсіресе жаз айларында жетпей қалады екен. Қазір елді мекендегі екі резервуардың біріне су сол скважинадан келеді. Ал екіншісіне 30 шақырымдағы Ақжал кентінен бөшкемен тасып құяды. Кенттің 800-ге жуық тұрғыны тәулігіне орташа есеппен 24 текше метр су тұтынады.
Қуандық Омарбай, Ақшатау кентінің әкімі:
-Қазір 30 кубқа дейін беріп тұр скважина. Онда арнайы счетчик бәрі бар, кейде 25 куб. Енді мысалы, қазір судың деңгейі кішкене көтеріліп тұрған уақыт. Жаз айларында тағы да деңгейі түсіп кетуі мүмкін.
Мамандар мәселені шешу үшін жақын маңнан жерасты су қорларын іздеп көрген, бірақ әзірге нәтижесіз.
Дархан Смайылов, шет аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
-Былтырғы жылы гидрогеолог мамандарын шақырып, Центрказнедра мекемесі арқылы барлық кеңес кезіндегі, қазіргі жерасты суларының қоры туралы карта бойынша орындарды анықтап қараған болатынбыз. Сапалы ауызсу табылмай отыр.
Демек кентті 100% сапалы ауызсумен қамтудың жалғыз жолы 35 шақырымнан құбыр тарту. Бірақ ол жоба өте қымбатқа түседі екен, шамамен 3 миллиардқа жуық ақша керек. Әзірге қазынада ондай қаражат жоқ. «Жобаны жүзеге асырған күннің өзінде тариф құны өте жоғары болады, бұл тұрғындарға тиімсіз», — дейді жергілікті билік өкілдері.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар