Хабар телеарнасы

Бұралқы ит: дос па, әлде қас па?

Маңғыстау облысында бұралқы иттердің адамға шабуыл жасауы жиілеп барады. Жақында Жаңаөзенде 5 жасар баланы ит қауып алды. Қазір ол облыстық ауруханада жатыр. «Сәбидің беті мен денесінің жыртылған жерлері тігілді. Жағдайы жақсы», — дейді дәрігерлер. Оқыс оқиғадан соң шаһар халқы қаңғыбас иттерді атуға болмайды делінген заңды қайта қарауды талап етіп отыр. 

Хамза есімді сәбиді күндіз ит талап, оң жақ беті мен денесін тістеген. Алғашқы көмек Жаңаөзенде көрсетіліп, кейін Ақтауға жеткізіледі. Әзірге дәрігердің бақылауында болмақ. Тұрғындар бұған дейін ересек адамды қаңғыбас ит талап, оның да ауруханаға түскенін айтады. Осындай жайт жиілегендіктен, халық көшеде жүруден қорқатын болған.

Амангүл Жұмағазиева, қала тұрғыны:
-Қой баққан қойшыдай, қаланың ішінде жүрген адамдар қолдарына таяқ ұстап жүр. Ит атуға болмайды деген заңды шығарып отырған үлкен басшыларға, біздер Жаңаөзен халқы өзіміз қолға мылтық алып, ит атуға шығамыз. Бір қызды үш ит қуып бара жатқанда тас лақтырып қуалағанымда ит өзімді қуып кетті.

Жыл басынан бері Жаңаөзенде 64 адам бұралқы иттен зәбір шеккен. Әкімдік өкілі өткен жылы 210 тұрғын жарақат алғанын растады. Соның 71-і кәмелет жасына толмаған. Былтырдан бері 2300-дей қаңғыбас ит ауланған. Жоспар бойынша биыл қаңғыбас ит-мысық уақытша ұсталатын панажай іске қосылады. Құрылысына кәсіпкер қаржы құйған.

Расул Әбішев, «Жаңаөзен қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі» ММ басшысы:
-2022 жылдың қорытындысы бойынша 1 115 ит ауланған болса, бүгінгі таңға дейін 1 181 ит ауладық. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға сәйкес жүзеге асып жатыр.

2022 жылы Маңғыстау өңірінде 11 мыңға жуық қаңғыбас ит ауланған. Биыл барлық аудан-қалада иесіз үй жануарларын ұстауға арналған панажай ашылады.

Соңғы 3 айда Маңғыстауда 3 мыңнан астам бұралқы ит ауланған. Ветеринариялық мекемеге көп жағдайда Ақтау, Жаңаөзен қаласы және Мұнайлы ауданы тұрғындарынан шағым жиі түседі екен. Ескеретін жайт, уақытша ұстау панажайлары ашылған соң, оған жеткізілген ит-мысық әрі кетсе 10-12 күн ұсталады. Екпе салынып, кастрация жасалғасын табиғи мекеніне жіберіледі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев