Тозығы жеткен суқойма тұрғындардың үрейін алып отыр
Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен бүгінгі кеңеске алғаш рет мәслихат өкілдері қатысты. Бұл - нақты саяси өзгерістердің нышаны. Президент биліктің барлық тармақтары бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін айтты. Кезек күттірмейтін мәселелерді шұғыл шешіп, су қоймаларын тексеруді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қазір 500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозып тұр. Тіпті оның 200-інде төтенше жағдай туындау қаупі бар. Кезінде кейбір су қоймалары бұзылып, қайғылы оқиға болғанын білесіздер. Осындай жайттің алдын алу үшін гидроқұрылымдар жан-жақты тексерілуге тиіс. Апаттық жағдайда тұрған және қараусыз қалған нысандарды бақылауға алу керек. Қауіп-қатерлер картасын жасау қажет. Төтенше жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін қатерлердің алдын алу үшін нақты шараларды қолға алған жөн. Сондай-ақ Су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық-сараптамалық жүйесін жасау керек.
Халыққа қауіп төндіріп тұрған су қоймаларының бірі Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында орналасқан. Жергілікті мәслихат депутаттарының айтуынша, 1966 жылы салынған «Үйдене» су қоймасы әбден тозған. Ол осыдан 5 жыл бұрын қауіпті гидронысан санатына кірген. Содан бері бірде бір бұрандасы ауыстырылмады. Құз-жартастың ортасындағы бөгеттің аудан үшін маңызы айырықша. Ондаған мың гектар жерді суарып, Зайсан қаласымен қоса, бірнеше елді мекенді тіршілік нәрімен қамтиды. Алда-жалда бөгет жарылып кетсе, бірнеше ауылды су шайып кетуі мүмкін.
Еркебұлан Зағыпаров, ШҚО, Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы:
-Қазіргі уақытта Үйдене су қоймасының 80-90 проценті жарамсыз деуге болады, апатты жағдайда тұр. Алдағы уақытта қар артық жауып кететін болса, не күн жылынатын болса 75 млн текше метрді қойып, қазір 45 млн текше метр суға ғана рұқсат беріп отыр. Одан көп болса не болады? Міне апатты жағдайды алдын алу керек. Біз сонау Шығыста жатып, соны шырылдап жеткізіп жатырмыз. Президентіміз де осы мәселені қозғап отыр.
Еркебұлан Тоқтарбек, «Қазсушар» РМК жобаларды басқару және іске асыру бөлімінің басшысы:
-Биыл біз бастасақ деп отырмыз сол жұмысты. Су нысаны шындықты айтқанда бүгінгі таңда авариялық жағдайда тұр. Біз оны «Қазсушар» мекемесімен, Су ресурстары комитеті ол нысанды қатаң бақылауда ұстап отырмыз. 2024 жылдың мамыр айына дейін осы жұмыстарды толығымен аяқтаймыз деп үміттеніп отырмыз.