Мемлекетаралық келісім нәпақа іздеген отандастарымызды қорғай ала ма?
Шетелде жұмыс істейтін азаматтарымыздың құқықтарын қорғау үшін оған кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер жасалмақ. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов айтты.
Сыртқы істер министрлігі тиісті келісімшарттарды Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Израиль, Катар, Германия мен Корея елдеріне жіберген. Тыстан табыс іздегендердің басым бөлігі Кореяда болғандықтан, «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» қатысу туралы да ұсыныс түскен. Оған сәйкес, ел азаматтары Корея елінде заңды түрде жұмысқа орналаса алады. Қазір әлемнің 16 елі осындай келісімге келген.
Ілияс Испанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының м.а.:
"Корея мемлекеті өзіне келетін азаматтарға еңбек етуге рұқсат мәселесін квота орнату тәсілі арқылы ғана елге жұмысқа кіргізеді. Сондықтан осы жұмысты да қолға алып, осы айдың 25-26-сы аралығында ҚР Консулдық консультациялық құрамында мен де бармын, бірге барып, Сеулда осы мәселені талқылаймыз".