Алаяқтықпен күрес: тиісті құжат әзірленіп жатыр
Сіздің атыңыздан алаяқтар несие алатын болса, оны кім төлейді? Мұндай дерек сот арқылы дәлелденсе, яғни несиені сіздің атыңыздан бәз-біреулердің алғанын сотта дәлелдей алсаңыз, онда сізден жауапкершілік алынады. Тиісті құжат бүгінде әзірленіп жатыр әрі жақында Парламентке ұсынылады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте журналистердің сұрақтарына жауап берген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді. Айтуынша, бұл жерде салымшының еш кінәсі болмаса, онда алаяқтыққа жол берген қаржы ұйымының ақпараттық жүйесінде кінәрат бар деген сөз.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:
- Мемлекеттік органдармен бірлесіп тиісті жұмысты қолға алып отырмыз. Ол жерде алаяқтық операциялардың барлық түрлері, банктердің ақпараттық жүйелеріне, мобильді қосымшаларға қойылатын талаптар нақты жазылады. Оны сақтамаған қаржы ұйымдарына тиісті шара қолданылады.