Денсаулық пойызы жолға шықты
Шалғайдағы елді мекен тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін «Саламатты Қазақстан» пойызы кезекті рет жолға шықты. Алматының екінші теміржол вокзалынан аттанған денсаулық пойызы ультра дыбыстық зерттеу құралдарымен, зертханамен жабдықталған. Алғашқы аялдама - Алматы облысындағы Қопа стансасы. Жалпы әлеуметтік жоба аясында еліміздің он жеті өңірінің 120 шағын стансасында тұратын 75 мыңға жуық тұрғыны жан-жақты тегін медициналық көмек алады. Оларға 35 білікті маман қызмет көрсетеді. Айта кету керек, биыл алғаш рет «Саламатты Қазақстан» пойызына заңгерлер, медиаторлар мен психологтар қосылды. Олар да алыс ауыл тұрғындарына жан-жақты кеңес беретін болады. Денсаулық пойызы желтоқсан айына дейін ел өңірлерін аралайды.
Альфия Адиева, жоба ұйымдастырушысы:
- Пойыз жапон және неміс технологиясынан шыққан медициналық құрал-жабдықтармен толыққанды жабдықталған. УЗИ-ге түсіру мүмкіндігі бар. Дер кезінде анализдерді тапсыру мүмкіндігі бар. Бұл жерде кейбір уақытта шағын ота жасау мүмкіндіктері бар.
Айдын Әуен, «Саламатты Қазақстан» пойызының рентгенолог маманы:
- Былтырғы тәжірибе бойынша біраз диагноздар анықталды. Ішінде ең көбі туберкулез жағынан науқастар көп болды. Пойыздағы флюрааппарат біздің ауыл аймақтарға өте қажет. Өйткені көп ауылдағы адамдар жұмыс себебінен районның центрларға, поликлиникаларға бара алмайды.