Хабар телеарнасы

Қазақстан балаларға арналған ғарыш лагерін ұйымдастыру бастамасын қолдайды

Қазақстанның ғарыш саласындағы әлеуеті түркі елдеріне насихатталады. Атап айтқанда, балалардың алғашқы жазғы лагері ұйымдастырылады. Ташкенттегі ғарыштық технология конференциясына қатысқан аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері Түркия, Әзербайжан және өзбекстандық әріптестеріне сала жұмысын дамытуға қатысты тың ұсыныстарын жеткізді. Биыл елімізде ғарыштық аппараттарды құрастыру, сынау кешені іске қосылды. Жерді қашықтан зондтау, мониторингілеу жүйесі де бар. Осы орайда түркі елдерінің жауапты министрліктері Астанаға келіп, екіжақты әріптестікті арттыратын болып келісті. 

Мәлік Олжабеков ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:
-Түркия балаларға арналған жазғы лагерь ұйымдастыруды ұсынды. Біз бастаманы толық қолдаймыз. Қазақстанның бұл салада тәжірибесі, көрсетер дүниесі жеткілікті. Бала кезінен ғарышқа құштар өрендерден келешекте көп жаңашылдық күтуге болады. Сондықтан насихат жұмыстарын күшейтетін болып келістік. Одан бөлек, спутниктерді жобалау, құрастыру және сынау мәселесіне келгенде, маңызды ұсыныстарымыз талқыланды.