Хабар телеарнасы

3500 км суару жүйесі жаңғыртылады

Қазақстанда жыл сайын 300-350 млн текшеметр су шаруаларға жетпей ысырап болады. Себеп: арналар уақытында тазартылмайды. Табаны балдыр мен қоқысқа толып, ағыс төмендеген. Сөйтіп, ескі жабындылардан су далаға ағып кетеді. Ал оларды жаңғыртуға арналған жоба жеткілікті. Әйтсе де, тірлік дер кезінде іске аспайды да, қордаланған мәселе сол күйі шешімін таппайды. Қайтпек керек?

Оңтүстік өңірдегі егін шаруашылығы суармалы егіске негізделген. Соңғы уақытта ондағы жағдай күрделеніп барады. Бұл өз кезегінде вегетациялық кезеңде қиындықтар келтіреді. Сенат депутаты Сәкен Арубаевтың айтуынша 2014 жылы Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы каналдарды жаңғырту жобасы қолға алынған еді. Бірақ толық іске аспай қалды.

Бұл суару жүйелері 50-70% тозған. Салдарынан одан аққан судың 30% астамы алқапқа жетпей топыраққа сіңіп кетеді. Жөнделетін каналдың ұзындығы 3,5 мың шақырым. Сондай-ақ 33 мың инженерлік құрылғы жаңартылады. Оны Қазақстан үкіметі халықаралық қайта құру және даму банкімен бірлесіп іске асыруды жоспарлаған.

Сәкен Арубаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Жоба 2021 жылы аяқталуы керек болатын. Бірақ республикалық бюджеттен қаржаттың жүйелі түрде толық бөлінбеуінен, жобаның аяқталу мерзімі 2024 жылдың соңына дейін ұзартылды. Нәтижесінде 4 облыстағы 11 жобаның 2-і ғана аяқталып қалған 9 жоба жұмыстыры әлі созылуда.

Жоба аясында олардың жабындыларын жаңартып, суды басқару жүйелерін қалыпқа келтіру көзделген. Осы жұмыс Жамбыл облысында ғана аяқталды. Нәтижесінде 10 мың гектар алқапты суару мәселесі шешілген. Басқа аймақта бұл бастама жоспарға сай жүзеге аспай тұр. Құзырлы комитеттегілер аяқсыз қалған жобаларды іске асыруға қосымша қаржы керегін айтады.

Мақсат Аяшев, Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары:
-Бір үлкен контрактінің 9 жобасы әлі қалғаны. Оның орташа санағанда 60-65% істелінген жұмыстар бар. Кейбіреуінде 90% бар. Қаржыландыру мәселесі болмаса қалған жұмыстар тоқтамай атқарылып жатыр.  Қазіргі таңда 9 жобаға жалғастыру үшін 13 млрд бөлінген. Бірақ ол жеткіліксіз биылға. Оны қайтадан сұратамыз.

Су арнасының бұрынғы көрінісі. Тозғаны сонша, арық секілді. Жаңғыртудан кейінгі қалпы осындай. Мамандардың айтуынша барлық суару жүйесі осы деңгейде болуы керек және бұл кезек күттірмей, тезірек шешілгені жөн. Себебі су жүйесінің ескіруі себебінен жыл сайын шамамен 300-350 млн текшеметр су алқапқа жетпей ысырап болып жатыр. Шаруалар соның кесірінен егінін уақтылы суара алмайды, өнімділік де төмендейді.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Мерей Бает, Әлібек Алиев