Гендерлік саясат мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие
Әр өңірден іріктелген 71 әйел басшылыққа тағайындалады. Бұл — әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен және Самұрық-Қазына қорының жасаған тың бастамасы. Директорлық кеңеске, бақылау және атқарушы қызметіне 142 нәзік жанды үміткер болған. Іріктеулерден сүрінбей өткендерге 7 ай бойы арнайы білім берілген. Басты мүдде — көшбасшы әйелдердің санын арттыру. Мәселен, Ұлттық әл-ауқат қорының басшылық құрамындағы қыз-келіншектердің үлесі 15%. Ал жауаптылар екі есе ұлғайтуға ниетті.
Аида Балаева, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары:
-Президентіміз әйелдердің басшылық сатыда алға басып жүруін өзі жеке қадағалап отырады. Қоғамның әр саласында қыз-келіншектердің үлесі артып жатқаны барлығымызға мәлім. Бүгінгі Самұрық-Қазына қорының басшылығымен жасалып жатқан іс-шара да мемлекеттік қолдаудың бір көрінісі деп білемін.
Ақмарал Жайлыбаева, «Гендерлік теңдік» бағдарламасының жеңімпазы:
-Әр ай сайын жаңа тақырыптар көтерілді. Директорлық кеңесте қалай жұмыс жасау керек? Қалай өзін-өзі басқару керек? Заң аясында, қаржы аясында, бір-бірімен коммуникация аясында, қандай мәселелерді қарастыру керек? Соның барлығын бізге үйретті.