Түркістан облысы мен Шымкент халқы дүлей дауылдан әбігерге түсті
Облыс аумағында ескі бағаналар құлап, 22 мыңнан астам абонент жарықсыз отыр. Көпқабатты үй аулаларында ағаш-бұталар сынып, көліктерді басып қалды.
Бүгін қос аймақта да күн ашылып, желдің екпіні басылды. Алайда дауылдың салдарымен күрес әлі де жалғасып жатыр. Бәрінен де Бәйдібек, Сайрам, Сауран аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларында жағдай қиын. Ондағы 22 мыңнан астам тұтынушы жарықсыз қалды.
Сонымен қатар, көпқабатты үйлердің шатыры ұшып, қасбеті бүлінді. Ең бастысы, зардап шеккендер жоқ. Ал жарыққа жауапты мекеме мамандары үзілген желілерді қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оған 14 бригада, яғни 90 жұмысшы мен 12 техника жұмылдырылған. Шымкентте де материалдық шығын көп. Халықтан бір тәулікте жедел желіге жүзге жуық өтініш-шағым келіп түсті. 32 шағын ауданда жарық сөніп, бағдаршамдар істен шықты. Салдарынан көшеде күні бойы ұзын-сонар кептеліс. Бозарық, Жалын, Сәуле, Қызылжар және Игілік шағын аудандарындағы ақаулар реттеліп, жарық берілді.
Ирисмат Махмұтов, қалалық ТЖД бөлім бастығы:
-Үш шақыртуды айтатын болсақ, ол жерде екі үйдің фасады құлап кетіп, халыққа қауіп төнуі мүмкін еді. Соны біздің жеке құрам жойып, қатыру жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар бір мекенжай бойынша тал жеке көліктің үстіне түскен. Сол жерде де авариялық құтқару жұмыстары жүргізілген.
Қалалық Білім басқармасы бүгіннен бастап сегізінші сыныпқа дейінгі оқушыларды онлайн оқу форматына көшірді. Өйткені Қазгидромет мамандарының айтуынша, 6 мамырға дейін желдің екпіні сақталып, секундына 25 метрге жетпек. Сондықтан салаға жауаптылар сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов