Көкшетауда жылу электр орталығы қашан салынады?
Бұл сауалға не Энергетика министрлігі, не жергілікті билік өкілдері әлі нақты жауап бере алмай отыр. Себебі екі рет жариялаған тендерге ешқандай компания қызығушылық танытпаған. Ал құны 280 млрд теңге болатын жоба осы жылы тағы қымбаттамақ.
Көкшетау – жылу электр орталығы жоқ жалғыз қала. Шағын шаһардағы жылу мардымсыз, ыстық су болған емес.
Иә, жарты ғасыр бұрын салынған жылу қазандықтарының да әбден тозығы жеткен. Ал оны жөндеу үшін миллиардтаған қаржы керек. Мәселен, өткен жылы 2,5 млрд теңге бөлінсе, биыл 5 млрд қарастырылған. Ал отынға бөлінген қаржы өзін-өзі ақтамайды.
Бауыржан Ғайса, қала әкімі:
-Осы жылыту маусымындағы шығын көлемі 9 млрд теңгеге жуықтаса, біз тұтынушылардан небәрі 4 млрд теңге ғана жинадық. Біз осы тұрғыда үлкен шығынға батып отырмыз. Сондықтан жылу электр станциясы бізге ауадай қажет.
Миллиардтаған қаржы бөлінсе де, қала тұрғындары жылуға жарымайды. Себебі жаңа тұрғын үйлер көптеп салынып жатыр. Халық саны да өсіп, 180 мыңға жуықтаған. Ал екі рет жарияланған тендерге бірде-бір шетелдік компания қатыспаған.
Айдос Дәрібаев, ҚР Энергетика министрлігінің департамент директоры:
-Басты себеп — Көкшетау ТЭЦ-інің отыны көмір. Қазіргі уақытта банктер мұндай жобаларды қаржыландырмайды. Сондықтан инвестор келуі қиындық тудыртып отыр.
Энергетика министрлігі жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін қайта әзірлеп жатыр. Сәйкесінше, жоба құны да қымбаттамақ. Ал тендер алдағы айларда қайта жарияланады.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный