БҚО-да киіктерге арналған тәлімбақ салынып жатыр
Сонда жануарлардың иммунитеті артып, түрлі жұқпалы ауруларға төзімді болмақ. Бұл жұмыстарды Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдары арнайы тәлімбақта жүзеге асырмақшы. Дәл қазір Орал қаласының іргесінде 56 гектар аумақ қоршалып, құрылыс жүріп жатыр.
Мына құралайлардың туғанына бір апта ғана. Әлі отықпаған. Тәлімбақта сәбилерге арналған ұнтақты езіп, оған дәрумендерді араластырып, қоспа дайындайды. Сол сүтпен күніне 3 мезгіл қоректендіреді.
Гүлназ Сүндетқалиева, аграрлық-техникалық университеттің магистранты:
-Балаларға арналған тамақ пен сайғақтың анасының сүті бірдей болады. Әртүрлі жануарларда сүттердің өндірісі әртүрлі ғой. Уызды сиырдың беретін болсақ, қорытпай, әртүрлі ауруларға шалдығуы мүмкін. Сондықтан Нестожен балаларға арналған кормды береміз.
Құралайлар тәлімбаққа Жәнібек ауданынан жеткізіліпті. 200 лақтың 50-і еркек. Бұған дейін Батыс Қазақстан аграрлы-техникалық университетінің ғалымдары Ұлытау облысындағы тәлімбақта ғылыми жұмыстар жүргізген екен. Енді екі популяцияны қатар зерттемек.
Мадияр Әлжаппар, киіктерге арналған тәлімбақ басшысы:
-Төлдерінде айырмашылық бар екен. Бетпақдала популяциясы бір келі, келі жарымға ауырлау болады және дене бітімі ірілеу келеді екен. Будандастыру жұмыстары жоспарда бар. Әрине екі популяциядан шыққан лақтары иммунитеті күшті, кейбір ауруларға төзімді болатыны сөзсіз.
Тәлімбақта түрлі инфекциялық аурулардың ақбөкеннен үй жануарларына жұғуы және керісінше төрт түлікте таралған аурулардың дала еркелеріне өтуі зерттелмек. Сол ауруларға қарсы вакцина шығару да жоспарда.
Қайсар Қошалиев, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор:
-Киіктерде қандай аурулар кездесетінін бүгінгі таңда ДНК дейміз, молекулярлы-генетикалық үшінші стадияға біздер көшейін деп жатырмыз. Қандай аурулар тауып жатырсыздар десе, біздер айтамыз цинуроз деген ауру, гельминттік ауру, эхинококкоз деген ауру, монизиоз соларды зерттеу жұмыстарын жүргіземіз.
Мамандардың пікірінше, ғылыми жұмыстар нәтижесінде киікті қолда ұстаудың биологиялық негіздемесі әзірленбек. Болашақта осындай тәлімбақтарды, бөкенді қолда ұстайтын шаруашылықтарды көбейтсе, киік санын реттеуде қиындық тумайды. Әрі олардың өнімдерін заңды түрде өңдеп, өндіруге мүмкіндік пайда болмақ.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Махмұдов, Э.Аюпов.