Асхат Рақымжанов: МӘМС қызметіне аудит жүргізу қажет
Медициналық сақтандыру қызметіне толық аудит жүргізу қажет. Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов осындай бастама көтеріп Денсулық сақтау министрлігіне сауал жолдады. Оның сөзінше, қордағы қаражатты пайдалану бойынша ақпарат ашық айтылмайды. Әйтпесе әр адам жылына орта есеппен 170 мың теңге төлейді екен. Ал тиісті қызметті қазақстандықтардың 15% ғана қолданады. Сонда артық қаражат қайда кетіп жатыр? Тағы бір мәселе елімізде әр алтыншы адам МӘМС жүйесіне қатыспайды. Сондықтан емханалар оларды қабылдамайды. Жалпы Қазақстандық жүйені халықаралық тәжірибемен салыстыруға келмейді.
Асхат Рақымжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 2017 жылдан бері МӘМС-ке қанша қаржы жиналды және ол қалай жаратылғанын айтуын сұрамыз. Жалпы қор қызметіне толық аудит жүргізу қажет деп есептеймін. Медициналық қызмет тарифіне не кіретіні, тіпті шенеуніктерге де құпия. Тарифтердің қалай есептелетінін Қаржы министрлігі де білмейді. Барша қазақстандықтарға ашықтық қажет.