Хабар телеарнасы

Елімізде көздің қасаң қабығына трансплантация жасалды

Елімізде алғаш рет америкалық технология бойынша көздің қасаң қабығына трансплантация жасалды. Донорлық тін АҚШ-тан жеткізілді. Операция кезінде көздің зақымдалған қасаң қабығын алып тастап, сау донордың тіні салынады. Ол қайтыс болған адамнан алынады. Мұндай операция 48 сағатқа созылады. Ал америкалық дәрігерлер тінді 14 күнге дейін сақтайтын консервациялау жүйесін ойлап тапты. Осылайша, қасаң немесе мүйізді қабығы бізге Солтүстік Америкадағы донорлық материалдары банкінен жеткізіледі. Әрине, мұның бәрі арзанға соқпайды. Қаражат жағын «Қазақстан халқына» қоры көтеріп отыр. Олар екі жыл ішінде 304 қасаң қабықты дайындап, елге әкелу үшін 373 миллион теңге бөлді. Алғашқы кезекте 12, ал жыл соңына дейін 150-ден аса адамға осы операция жасалады. 

Нұрмұханбет Жұмабеков, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Бізді шақырып осындай операция істеп берді. Барлығы жақсы өтті деп ойлаймын. Енді көреміз. Көзге күтім керек. Жұмыссызбын, 3 жыл болды. Осы көзім жазылып кетсе үлкен жұмыстарға кіріп істесем деймін.

Марат Шоранов С.Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ ректоры:
-Бізде екі жылдың ішінде 304 науқас университет клиникасының базасында ем алуға мүмкіндік алады. Біз бұл өңірлерден мамандарды шақырып өзіміздің клиникамызда мастер класс беріп, ертең осы технологияларды біздің науқастар шетелге шықпай, өз қалаларынан шықпай сол тұрған жерінде тұрып ала алады.