Жамбыл облысында су тарату станциясы жарамсыз болып қалды
400 миллион теңгеге салынған су тарату станциясы 3 жыл бұрын Тұрар Рысқұлов ауданындағы Жарлысу ауылында пайдалануға берілген еді. Бірақ тұрғындар игілігін көріп үлгермеді. Не себепті?
Жарлысудағы су тарататын жаңа станция бастапқыда 3 ай жұмыс істеген. Бірақ алынған су ащы, ішуге келмеген. Артынша мамандар: «су қоры да таусылды», деп нысанды жауып тастаған. Кейін анықталғандай, мердігер екі ұңғыманы да қажетті тереңдіктегі су қорына жеткізе алмаған.
Азамат Сәмбетқұлов, Жарлысу ауылының тұрғыны:
- Насостары кәдімгі бытовой тұрмыстық насостар қойылған. Айналып келгенде ауылымызға жарты млрд ақша бөлінді, бірақ әлі жарты қасық та су ішпедік таза судан.
Қомақты қаржыға салынған станция қазір кәдеге жарамай тұр. Ауылдағы бір жарым мыңға жуық халық өткен ғасырдан қалған артезиан құбырынан су пайдалануға мәжбүр. Оның өзі бірнеше сағатқа ғана қосылады. Кезекпен алып үлгермегені тіршілік нәрін ақшаға сатып алады.
Әсел Жаппасбаева, Жарлысу орта мектебінің мұғалімі:
- Мектептің асханасы да, әжетханасы да көгалдандыруы, одан кейін мынау интернатымыз бар 40 бала орналасқан. Бүкіл жағдайының барлығына осы судан пайдаланады. Осы судан қалғаны біздің ауылға. Онда да біздің ауылға жетпей қалады. Бірақ бұл суға біз ақша төлейміз. Айына 10-12, 15 мың теңгеге дейін шығындалып отырамыз.
Шыдамы таусылған тұрғындар аудан әкімдігіне барды. Жауаптылардың айтуынша, жобаны қабылдап алған әкім кейін басқа қызметке ауысып кеткен. Ал жобаға тапсырыс берген бөлім басшысы істі болған.
Бауыржан Есеев, Т.Рысқұлов аудыны әкімінің орынбасары:
- Жалпы 5 жылдық өзінің кепілдік мерзімі бар. Кепілдік мерзімге сәйкес, қалай болса да су шығару керек қой. Сондықтан қазір 3 ұңғымаға проект жасалып жатыр. Проект жасалғаннан кейін 3 ұңғымадан су шықса, шығады, шықпаса әрі қарай осы қорытындысымен құзырлы органдарға жүгінеміз. Талап, арыз бола ма оны уақыт көрсетеді.
Жоба жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткенше 6 ай уақыт қажет. Одан арғысы ұңғыма қазу жұмыстары бар. Сондықтан Жарлысуға таза ауыз су берілетін күн жақын деп айту қиын.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә