Павлодардағы жағалауда пианино пайда болды
Шопен мен Моцарттай болмаса да, ұқсап бағамын деп талпынған павлодарлықтарға тосын сый. Қаланың жағалауында пианино аспабы қойылды. Енді қала тұрғындары мен қонақтары Ертіс жағасында серуендеп қана қоймай, түрлі классикалық туындыларды орындап, не тыңдай алады. Өзен жағасына музыкалық аспапты қою пианино мектебінің жетекшісі Жанат Омаровтың идеясы. Ұсынысты жергілікті атқарушы билік қолдап, бұл жер музыкаға әуес үлкен де, кіші де бас қосатын мәдени орынға айналды.
Жанат Омаров, пианино мектебінің жетекшісі:
- Бұл ескі музыкалық аспап болғанымен сапасы өте жоғары. Дыбысын өздеріңіз естіп тұрған боларсыздар. Бір жағынан біз бұған әлеуметтік тәжірибе ретінде қараймыз. Халықтың музыкаға деген шексіз сүйіспеншілігі байқалады. Тіпті осы идеяны қолдап, ескі пианино аспабын береміз десе, осы жерге әкеліп қоюға дайынбыз.