Атырауда қатты тұрмыстық қалдықтардың тарифі екі есеге өсуі мүмкін
Қала тазалығына жауапты серіктестік материалдық жағдайдың қиындығын алға тартып, тарифті 600 теңге етіп бекітуге өтініш берген. Қалалық қоғамдық кеңес талқылай келе, жеке сектор тұрғындары үшін 409, көпқабатты үйлерге 379 теңге деп белгілеуді ұйғарды.
Алайда оған қоғам белсенділері қарсы шықты. Соңғы шешім қалалық мәслихаттың сессиясында қабылданады. Әзірге қоқыс төңірегіндегі текетірес жалғасуда.
Қазір Атырауда тұрмыстық қалдықты шығарғаны үшін әр адамның төлейтін ақысы 200 теңге. Егер облыс орталығында орта есеппен 300 мың халық барын ескерсек, айына 60 млн теңгені құрайды. Аз қаражат емес. Оның сыртында мекеме шағын және орта бизнес нысандарына ақылы қызмет көрсетеді. «Сондықтан қоқыс қалдықтарының бағасын бірден 2-3 есе өсіру негізсіз»,-дейді қоғам белсенділері.
Дәурен Сейітқалиев, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:
- Негізінен «Спецавтобаза» келетін болсақ, оған мемлекет тарапынан қомақты субсидия беріледі. Санитарлық тазалыққа. Онан бөлек мусордан жиналатын халықтың қаражаты бар. Соны қосқанда үлкен қаражат шығады. Ол жетпейді дегенге біз қоғам болып, халық болып түсініңкіремейміз. Соны ашып айтса неге жетпейді, қай жаққа кетіп жатыр?
Аталмыш серіктестіктің ауласынан күніне 21-22 автокөлік қала тазалауға шығады. Олар облыс орталығы емес, қала іргесіндегі елді мекендерге де қызмет көрсетеді. Жыл санап тұрғын саны артып келе жатқан Атырау үшін бұл жеткіліксіз. «Оның үстіне тозығы жеткен техникалар жиі сынады»,-дейді кәсіпорын жетекшілері. Сондай-ақ аз жалақыға жақсы жұмысшы табу да қиындапты.
Мақсот Ишаев, серіктестіктің бас инженері:
- Күніне бір көлік 10 тоннадай қоқыс шығарып келеді. Соны да біздер үлгере алмай жатамыз. Ал тариф соңғы рет 2020 жылы көтерілген. Одан бері дизель отыны 3-4 есе қымбатсып кетті. Біздер тәжірибелі жақсы жүргізуші алғымыз келеді. Ол үшін жақсы айлық керек. Солардың ақшасын көтеру мәселесін де қараймыз.
Қала тазалығын жолға қою үшін мекемеге қосымша 30 қоқыс тасымалдайтын көлік керек. «Біреуінің орташа бағасы 50 млн теңгеден асады»,-дейді мамандар. Бірақ серіктестіктің бар шығынын қарапайым халықтың мойнына арту қаншалықты заңды? Ол жақында өтетін қалалық мәслихаттың сессиясында белгілі болады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев