«Бозоқ» қалашығының құрылысы басталды
412 гектар. Астананың іргесінде осындай үлкен аумақта тарихи-мәдени музей-қорығы пайда болады. Жобаға сай онда 30-ға жуық нысан бой көтереді. Олардың ішінде сарай кешендері, ғибадатханалар, тұрғын үй, қолөнершілер орталығы, ортағасырлық базар сынды орындар бар. Мұның бәрі алдағы 3 жылда жүзеге асады. Осылайша тарихи қала Бозоқ қалпына келтірілмек. Оның келбеті қандай болады?
Әр келген турист өзі қалаған кезеңнің дәмінен ауыз тиеді. Бұл Бозоқ кешенінде ұсынылатын көп мүмкіндіктің бірі болмақ. Жалпы жобаның мақсаты – ашық аспан астындағы музейде дала өркениетінің озық жетістіктерін көрсету. Осыны негізге ала отырып, оны жаңа форматта салу туралы шешім қабылданыпты.
Ерболат Рахманқұлов, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының» ғылыми қызметкері:
- Сол алтын бұйымдарды қалай жасады. Сол заманның құмыралары қалай жасалды. Сол процесті жасап көрсеңіздер болады. Оны қорыту процесі бар, пішімдеу бар, арнайы орталықтар бар сонда барып жасауға болады.
Бозоқ қалашығын табу және оны музейге айналдыру ісінің басында марқұм академик Кемел Ақышев тұр. Астана арқа төріне кешкен тұста ол бастаған экспедиция елорданың тарихын зерттейді. Ғалым 1998 жылы ескі қоныстың орнын табады. Оған жүргізілген қазба жұмыстары бұл маңда Х-ХІІ ғасырларда гүлденген қала болғанын көрсетеді. Кейін қаланың нағыз атауы Бозоқ екені анықталады.
Айнагүл Ғаниева, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының» ғылыми хатшысы:
- Ерте орта ғасырда бұл жер мәдени, ғұрыптық және экономикалық орталық болғанын болжамдады. Осы жерде түркі заманының ғибадатханасы ашылды. Ол 7-8 ғасырмен мерзімделеді. Қыпшақ дәуірінің тұрғын үйлері, заттай материалдары ашылды.
Ашық аспан астындағы музей салу идеясы сол кезде айтылған. Міне, араға ширек ғасыр салып кешеннің кіреберіс қақпасы мен бекініс қабырғаларының құрылысы басталды. Нысандар дәлме-дәл көшірме ретінде тұрғызылады.
Ерболат Рахманқұлов, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының» ғылми қызметкері:
- Бұл жерде қағанның ставкасы дейміз, онымен қоса сапар орталығы сол замандағы. Онымен қоса үлкен қорғау мұнарасы табылған, соның бәрін көруге болады. Бұл паркте 4 мемлекеттік кезең көрсетіледі. Түркі кезеңі, Қыпшақ кезеңі, Алтын орда, Қазақ хандығы бұл мемлекеттік кезеңдер.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Кешенде сонымен қатар энеолит, қола заманы, ерте темір заманындағы нысандардың да көшірмесі бой көтереді деп жоспарлануда. Мұның сыры қазіргі мемлекеттік деңгейге жетуіміз, осы кезеңдердің арқасы екенін көрсету.
Бұл кереметтің бәрін 2026 жылы көруге болады. Бозоқ кешені Қорғалжын тас жолының оң жақ қапталында елордадан 10 шақырым жерде бой көтеруде. Болашақта «Бозоқ» инновациялық жоба ретінде Астананың ғана емес, еліміздің туристік орталығы болады деп күтілуде. Ол үшін кешен аумағындағы су жолдары тазартылып жағажайлар мен қонақ үйлер салынады.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Әлібек Алиев