Хабар телеарнасы

Атыраулықтарды экология мәселесі алаңдатып отыр

Бірнеше жылдан бері көтерілгенімен әлі күнге дейін жөнді шешімін таппай келеді. Сәуір айының басында қолқаны қабатын сасық иіс қаланы басып, тұрғындарды әбден әбігерге салған еді. Тіпті ашынған халық бейбіт митинг ұйымдастырып, Үкіметке талаптарын да айтты.

Бұл мәселе бас ауруына айналғалы қашан? Қала іргесіндегі өндірістік кәсіпорындардан келетін зиян да көп. Теңіздің тартылуы салдарынан ауа сапасы да нашарлады. Тұрғындар: «Апаттың алдын алып, мәселені дереу шешсе екен»,-дейді.

БЛИЦ:
- Атырау облысы аймағының тұрғындарына қазірден бастап аудандық коэффицент төленуі керек, өтемақысы ретінде. Халық әбден қырылып болғаннан кейін барып, болашақта бірдеңе беріледі деп емес, қазір төленуі керек.

- Әуелден де мәз емес қой өңдірісті өңір болғаннан кейін. Ауаның ластануы деген мәселелер кездесетін еді. Оның үстіне қазір теңіздің тартылуы салдарынан сортаң топырақтың ауаға таралуы жиі кездесіп тұрады.

- Қаладағы зауыттар бар. Оның арғы жағында қамыс өртенсе, түтін. Одан қалса қаланы қоршай тұрған қоқыс алаңдары, қоқыс полигондары.

Ел экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосып отырған өңірдің тұрғындарын мазалайтын мәселе Парламент қабырғасында да көтерілді.

Әділ Жұбанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
- Жыл сайын өңірде онкологиялық аурулар белең алып, мүмкіндігі шектеулі, туа бітті науқас балалар саны артып отыр. Ашынған атыраулықтар бейбіт митингке шығып, облыстағы жер қойнауын пайдаланушылар мен Үкіметке нақты талаптарын қойды. Үкімет жауапты министрліктермен бірлесіп, Атырау облысын экологиялық дағдарыс аймағы деп танып, экологиялық коэффицент, жеңілдіктер мен өтемақылар жүйесін енгізу қажет

Үкімет басшынысың орынбасары Роман Склярдың жауабында Атырау өңірін төтенше экологиялық жағдай аймағы деп тану үшін облыс әкімдігімен комиссия құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылған. Қазгидрометтің мәліметінше, биыл ауаның күкіртсутегімен ластануы бойынша 93 жағдай тіркеліпті. Оның 61 облыс орталығында. Ал былтыр Экология департаменті 121 бақылау жүргізіп, 241 заңбұзушылықты анықтапты. 230 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 306 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Арман Хайруллин, табиғат жанашыры:
- Бізде негізгі ластаушылар, ол сарқынды су алаңдары, «Квадрат», «Сасық сай». Одан кейін АМӨЗ, одан кейін солтүстік өнеркәсіптік аймақ, қазандықтар, одан бөлек теңіздің қайраңынан ұшқан шаң, қамыс өрті секілді осындай қала халқының Атыраудан көшуіне қарай ойландыратын мазалағыштар бар.

Облыста соңғы жылдары туу көрсеткіші 10% төмендепті. Қан айналым жүйесі бойынша сырқаттану деңгейі 10,1% өскен. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайлардың экологияға қатысы барын не жоғын анықтай алмайтынын айтады. Ол үшін ғылыми зерттеу қажет екен. Дегенмен басқарманың мәліметінше, өлім көрсеткіші төмендеген.

Жанар Садуова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Жалпы өлім 31% төмендеді. Туберкулезден болатын өлім 20%, сырқаттану деңгейі 7,6% азайып отыр. Ал былтыр қатерлі ісіктен көз жұмғандар саны едәуір төмендеді. Онкологиялық ауруға шалдығу деңгейі 3,2% азайған.

Экология департаментінің мәліметінше өндірістік кәсіпорындардан өзге қаланың оң және сол жағалауындағы булану алаңдарының да кері әсері көп. Бұл мәселе дереу шешімін таппаса, атыраулықтар апатқа ұшыраймыз деп алаңдайды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин