Мектеп бітіруші сыныптардан ақша жинау жиілеген
Оқу жылы аяқталуға жақындағанда мектеп бітіруші сыныптардан ақша жинау жиілеген. Арнамызға хабарласқан көпбалалы ананың айтуынша, 9 сыныптағы баласы үшін 50 мың теңге берсе, «11 сыныптар 100 мың теңгеден жоғары жинап жатыр»,-дейді. Ата-аналардың 70% қарсылық танытпайды екен. Мектептегі ақша жинау мәселесі қалаға да, шалғайдағы ауылға да тән. Жиналған қаржы қайда жұмсалмақ? Білім министрлігі ресми мұндай әрекеттерге тиым салса да дарақылық неге тоқтамай тұр?
Соңғы қоңырау таяғанда мектептерде ақша жинау дәстүрі қыза түспек. Тіпті тоқтам болмай тұр. «Әсіресе көпбалалы аналарға үлкен салмақ»,-дейді елорда тұрғыны. Олқылықты ашып айтсам, балама кесірі тие ме деп жасқанады.
Сандуғаш Беркімбаева, Астана қаласының тұрғыны:
- Негізгі мәселе - мектептерде ақша жинау. Ақша жинаудың жалпы соммасы 90-100 мың теңге аралығында. Әр балаға ақша тауып беру керек болады. Қасындағы сыныптастарынан ыңғайсыз болады. Немесе кекету болады. Сол себепті амал жоқ. Тауып береміз. Ақша неге кетеді? Сыйлыққа, мектепке, директорға, басшылыққа, школға, сыйлыққа. Сондай-сондай себептермен кетіп жатыр ақшалары.
Одан қалса, түрлі автокөлік пен қымбат кортеж жалдап жарысады. Киім, әрлену жағы өз алдына. Ата-аналар ресторандарда жиналып мектеп бітіру кештерін өткізуге барын салады. Елімізде бұған дейін дарақылықты доғарып, қайырымдылық жасаған түлектер де болған.
Анаргүл Ыбыраш, Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- 12 сыныптың барлығы да киім алмастан, мейрамханаға бармастан, өздерінің соңғы мектеп бітіру кештерін тойлаудан бас тартып, толығымен өздерінің қаржысын, өзіміздің оқушымызға, қатарласына, досына аударды. Оның еміне. Оқушы үшін ең маңызды болғаны - сол құрдастарының оның шынайы жазылып кетуіне ниетті болғаны.
Иә, 2016 жылы мектептен түлеп ұшқалы тұрған 150-ге жуық түлек үлгі көрсеткен. «Ал биыл мектептерде ақша жиналмады, қоштасу кеші ұйымдастырылмайды»,- дейді №81 мектеп директорының оқу жөніндегі орынбасары.
Зухра Құсайынова, №81 мамандандырылған гимназия директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары:
- Салтанатты жиынды ұйымдастырудың өзі мектептің қаражатынан жасалады. Ешқандай ата-анадан, оқушыдан ақша жинау деген, заңсыздыққа жол берілмейді. Ондай жағдай болып жатса, негізінен шығын деп есептеймін. Ата-аналар балаларының арман-тілегін орындағысы келетін шығар.
Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, білім саласына бөлініп жатқан қаржы көлемі жыл сайын артып жатыр. Кеңсе тауарларынан бастап, оқу құралдарына, тіпті жөндеу жұмыстарына да бюжеттен қаржы бөлінеді. Білім басқармасы бекіткен заңға сәйкес, ақша мүлде жиналмауы керек.
Шолпан Каринова, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі:
- Сыбайластық құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ата-аналардан іс-шараны өткізуге немесе аниматорларды, мерекелік кеш ұйымдастыратын агенттіктерді, жеке студияларды жалдап шақыру үшін қаражат жинауға тыйым салынатынын ескертті. Педагогтерге, мектеп әкімшіліктеріне сыйлық жасау бойынша ата-аналардан қаражат жинауға да министрлік тарапынан қатаң түрде тыйым салынады.
Диана Қадыр, тілші:
- Соңғы қоңырау соғылған соң бітіруші сыныптар 19 маусымға дейін емтихандарын тапсырады. Министрлік аттестат табыстауды 20-22 маусым аралығында өткізуді ұсынып отыр. Аталған шараларға ата-аналардан ақша жинап, көлеңкелі келеңсіздікке жол берілмеуі қажет.
Авторлары: Диана Қадыр, Самат Оспанов, Аян Сарсенбаев