Алматыда «Аңсаған сәби» мүсіні орнатылды
Алматыда ана болуды армандайтын әр әйелдің қуаты мен нәзіктігі, сенімі мен батылдығының символына баланған «Аңсаған сәби» мүсіні ашылды. Ананың алақанындағы сәби бейнесіндегі бұл композиция репродуктивті денсаулық саласындағы ғылыми жаңалықтар мен инновациялардың маңыздылығын білдіреді. 2020 жылы Президент Қазақстан халқының репродуктивті денсаулығын жақсартуға бағытталған «Аңсаған сәби» ұлттық жобасын жариялаған еді. Жоба аясында бедеулікті экстракорпоралды ұрықтандыру әдісімен емдеуге жыл сайын 7 мың квота бөлінеді. Нәтижесінде 2021 жылы елде 3 мыңнан аса бала дүниеге келді. «Мүсін жанынан клиника да ашылады»,-дейді мамандар.
Сондай-ақ халықаралық балаларды қорғау күнінде «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы да шеру өткізіп, ерекеше акция ұйымдастырды. Оқушылар жасөспірімдердің құқығын қорғау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау сынды тақырыптағы ұрандар жазылған плакаттарды ұстап, елорда көшесімен жүріп өтті. «Шерудің басты мақсаты – ата-аналардың балаларымен қарым-қатынасының маңыздылығын, сондай-ақ олардың да қоғамның толыққанды мүшесі екендігін көрсету», – дейді ұйымдастырушылар. Бұл шеруге «Жас Ұлан» ұйымының 30-ға жуық мүшесі қатысты.