Мейрімділік елшілері
Апта аралығында Астанада Халықаралық волонтерлер форумы өтті. Оған әлемнің 30-дан астам елінен келген волонтерлер қатысты. Форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі арнайы келіп қатысты.
«Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Меніңше, барлық еріктілерді Адал азамат деуге болады» деген Президент сөзі волонтерлерге берілген зор баға деп білеміз. Қай елде болмасын ізгі ниеттегі игілікті істер басында волонтерлер жүреді. Әділетті Қазақстан негізін де осы волонтерлер қалайтыны сөзсіз.
Елдегі еріктілердің ерен күші әсіресе табиғи апат кезінде анық көрінеді. Кешегі Абай облысындағы алапат өртке жүздеген волонтер барды, жұмыла көмек көрсетті. Солардың бірі – Ислам Фархадов. 20 жастағы жігіт көзі көрген қорқынышты көріністі әлі ұмыта алар емес.
Ислам Фархадов, волонтер:
- Өрттің екінші күнінен бастап араластық. Сол кезде қаншалықты қиын болғанын әлеуметтік желідегі видеомен жеткізу қиын. Себебі ол жердегі әсер басқа. Ол жердегі қорқыныш деген мүлде бөлек. Волонтерлер таңнан кешке дейін, түннің бір уағына дейін қызмет көрсетті. Өрт сөндірушілерге, орман қызметкерлеріне таңғы ас, кешкі ас жеткізді. Сонымен қатар ол жерде қарапайым қара күш қол көмек көрсету де маңызды болды.
Елімізде үй-ішімен ерікті болып жүргендер де бар. Мысалы, Атбасар қаласында тұратын Лутошкиндер отбасы 2014 жылдан бері волонтерлер қатарында. Ерлі-зайыпты Андрей мен Марина, міне осымен он жыл қайырымдылық жасаудан қол үзбей келеді.
Марина Лутошкина, волонтёр:
- Біз әртүрлі жобаларды жүзеге асырып жүрміз. Оның ішінде балалар мен қарияларға көмек, экологиялық бағыт және медицина мен тарих та бар. Қай жерге көмегіміз керек, біз сол жерден табыламыз.
Мұндай мысал айта берсек көп бізде. «Қазақстанда 200 мыңнан астам ерікті бар», - дейді есептегендер. Олар: «Қоғамға пайдам тисе екен», -дейді. Елдегі түрлі табиғи апаттарда алғы шепте жүреді, тоңғанды жылытады, ашыққанды тойдырады, адасқанды шарқ ұрып іздейді, коронавирус кезінде үйден шыға алмай отырған мұқтаж жандарға дәрі-дәрмек пен азық-түлік тасыған да осылар. Президент еріктілерді мейірімділік елшісі, ізгіліктің жаршысы деп атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Волонтер болу - бұл ең алдымен патриотизмнің, яғни отаншылдықтың жарқын көрінісі. Бұл – адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты. Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады. Қазақстанда еріктілер қызметі жан-жақты дамып келе жатыр. Бұған мемлекет тарапынан қажетті жағдай жасалып жатыр. Мен өзім еріктілерді барынша қолдаймын. Сіздердің табанды жұмыстарыңызды жоғары бағалаймын. Осы саладағы барлық бастамаларды қолдаймын.
Мемлекеттік қолдаудың бір көрінісі, 2020 жыл елімізде волонтерлер жылы деп жарияланса, былтыр «Волонтерлық қызмет туралы» Заң қабылданды. Qazvolunteer.kz сайты іске қосылып, қалаған адам ерікті атануға мүмкіндік алды. Астанада Орталық Азия волонтерлер хабы құрылып, оған бірнеше елдің волонтерлері топтасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сондай-ақ біздің волонтерлер Иордания, Кения, Тайланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтады. Осы тұста мен Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген БҰҰ өкілдеріне алғыс айтамын. Былтыр елімізде Орталық Азия волонтерлерінің алғашқы форумы өтті. Осындай маңызды шаралар алдағы уақытта да жалғасады.
Жалпы қазір әлемде 1 млрд-тай адам волонтерлікпен айналысады екен. Яғни жер бетіндегі әрбір 8-тұрғын ерікті деген сөз. 2019 жылы Қазақстанда 50 мың ғана ерікті болса, бүгінде бұл көрсеткіш 4 есеге өскен. Олардың басын қосып, берекелі іске бастайтын ұйымдардың қатары да 700-ге жуықтап қалды. Қазақстан қазір эковолонтерлық, ІТ және инклюзия бағытында көш бастап келеді.
Алмаз Ержан, волонтер:
- Елімізде әр азамат ерікті бола алады. Волонтер болып, көмегін көрсете алады. Себебі мүгедектігі бар азаматтар, арбамен жүрген азаматтардың өздеріне ылғи көмек керек. Далаға шығу, лифтке кіру, машинаға отыру.
Астанада өткен халықаралық волонтерлер форумына Біріккен Ұлттар ұйымының өкілдері де қатысты. Еріктілер бағдарламасының үйлестірушісі Тойли Курбановтың сөзінше, волонтерлық қазір түрленіп келеді.
Тойли Курбанов, БҰҰ еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі:
- Біз көптеген елдің волонтерлық туралы заң қабылғанын көріп отырмыз. Жыл сайын жаңа ұйымдар ашылып, еріктілер қозғалысы жылдам дамып келе жатыр. Соңғы жылдары әсіресе онлайн волонтерлық пайда болды. Жыл басында Түркия мен Сирияда болған зілзала кезінде зардап шеккендерге еріктілер алғаш болып осы желі арқылы көмек көрсетуге келді.
Мейірімділіктің өлмеші мен сипаты жоқ. Оны көшіріп те ала алмайсың. Дегенмен көрші өзбек ағайынның өз айтары бар.
Ерасыл Оспанов, Өзбекстан волонтерлер қауымдастығының төрағасы:
- Бізде туризм волонтерлық деген бар. Бұл – бір. Екіншіден, бізде медики-волонтеры деген бар. Қазір бізде білесіздер, күн өте ыстық болып жатыр. 45 кейде 65 градусқа дейін шығады. Сол себептен көшеде жүрген қария адамдарға қандай көмек жасауды, алғашқы медициналық көмекті қалай беруді, қайда апаруды соны біз үйретеміз.
Президент еріктілерді бір реттік емес, ұзақ мерзімді грант беру мәселесін айтты. Волонтерлық қозғалысты өркендетудің жаңа жол картасы әзірленбек. Дегенмен жергілікті атқарушы органдардың еріктілерді қолдаудағы енжарлығы басым.
Вера Ким, Ұлттық волонтерлер желісінің төрағасы:
- Мемлекет волонтерлық ұйымдарға құрал-жабдықтар мен жиналған азық-түлікті сақтайтын қойманы тегін беру керек болатын. Алайда бұл әзірге тек қағаз күйінде қалып отыр. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар бұған бей-жай қарамаса екен дейміз.
Бұдан бөлек, ресми тіркелген еріктілерге мемлекеттік сақтандыру болса, - дейді. Себебі олар өз өмірін қатерге тіге отырып, апат ошағына немесе басқа да қауіпті аумақтарға барады. Қалай дегенмен де, біздің қоғамда қайырымдылық жасаудан, жанашыр болудан тартынып қалмайтын үлкен топтың, үлкен күштің бары қуантады.
Дамир Берікұлы, Азамат Сәметов, ПТРК көмегімен Астанадан «Жеті күн»