Тоқаев: Жылына бір елді мекеннің халқынан айырыламыз
"Сақтансаң - сақтаймын" деген. Адам баласына Жаратқаннан айтылған әуелгі сөз осы. Ол үшін қоғамға ортақ тәртіп керек. Қазақ үшін ол - ұлттық кодта жатталған дала демократиясы.
Бүгінгіше тәпсірлесек - әділеттілік. Бауыржан Момышұлы «тәртіпке бағынған құл болмайды» деп өсиет қалдырған. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі тәртіпке жауапты Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісіне қатысып, халық сұрауындағы көптен қордаланған ауқымды мәселелерді шешу үшін, бүкіл уәкілетті органның күш-жігерін біріктіру керектігін айтты. Ал олар көп. Алаяқтардың арбауы, жастар арасында нашақорлық пен ойынқұмарлық, тағысын тағы. Мысалы, кейінгі үш жылда жол-көлік апатынан 7 мыңға жуық адам қаза тауып, 55 мыңнан астамы жарақат алған. Осылайша біз жыл сайын жол апатынан-ақ үлкен бір ауылдың халқынан айырылып отырмыз. Бұл – еліміз үшін нағыз қасірет. Біз адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін үнемі айтамыз. Сондықтан жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдау керек.
Дамыған елдерде полиция – халықтың досы. Ал бізде бәрі керісінше, погонды көрсе жақтырмай әрі жатырқай қарайды. Себебі, біразының басына іс түскенде арызы аяқ асты болып, шағымын шаң басқан. Талай қорғансыз қорған таба алмады. Президент мұны жиі айтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Азаматтар жылдар бойы талай мекеменің табалдырығын тоздырып, нақты жауап таппай, шындыққа қол жеткізе алмай жүр. Сондықтан менің тапсырмам бойынша Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі комиссия қылмыстық және қылмыстық процестік заңнаманы жетілдіру туралы заң жобасын әзірледі. Бұл құжат тергеушілердің және анықтаушылардың жұмысын жеңілдету үшін керек.
Алаяқтықтардың айласын ауыздықтау да мүмкін болмай тұр. Полицейлер олармен күресуде дәрменсіз. Интернеттегі жалған жарнама, лоторея, қаржы пирамидалары былай тұрсын, қазір халықты қажылыққа апарамыз деп сан соқтырып жатқандар көбейген.
Соның бірі - Нарқыз Испаева. Ол кіші қажылыққа жолдама сатып алған. Алайда, жеме-жемге келгенде, туркомпания өкілдері ұшты-күйлі жоғалды.
Нарқыз Испаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Келсек, офис жабық тұрды. Дәл қазір көріп тұрғандай ақшаларыңызды қайтарамыз деген. Бірақ, осы күнге дейін ақшамыз қайтарылған жоқ.
Арыға бармай-ақ, жақында ғана болған тағы бір алаяқтық жайлы даулы әрекетті еске алайық. «Қажылыққа барамын» деген ондаған қазақстандық қазір қамауда жатыр. Президент бұл жағдайға қатысты да тиісті тапсырма берді. Алданған азаматтарға көмек көрсетіледі. Ал алаяқтарға ешқандай жеңілдік жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сыртқы істер министрлігі оларға барынша көмектесуі қажет. Ал Ішкі істер министрлігі алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс. Әділетті қоғам құрамыз десек, дәл осындай өзекті мәселелерді шешуіміз керек.
Жол апаты да жиілеп кетті. Осы аптада Астанада болған оқиға көпті елең еткізді. Қатты жылдамдықпен жүйіткіп келген көлік, LRT бағанына соғылды. Салдарынан 43 жастағы ер адам опат болды.
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
- Апат таңалакеуімде болған. Оқиғаның мән-жайын тергеп-тексеруден кейін толық білеміз. Бірақ, камера көліктің жүруіне ешқандай кедергі бомағанын көрсетті. Бұл жолмен күніне жүз мыңдаған көлік өтеді. Мамандардың талдауынан кейін апат туралы толық ақпараты болады.
Біздің елде көлік көп, сондықтан да өлік көп. Соңғы үш жылда жол-көлік оқиғаларының саны 9%-ке өсіп, 6,5 мыңнан астам азамат қара жолда қаза тапқан. Тек биылдың өзінде жаяу жүргіншілердің кінәсінен 164 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 24 адам қайтыс болды. Мұның да алдын алу полицейлердің басты міндеті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз жыл сайын ірі елді мекендердің халқынан айырылып отырмыз. Бұл – еліміз үшін нағыз қасірет. Біз адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін үнемі айтамыз. Сондықтан жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Ең алдымен, барлық азаматтың назарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға аудару керек.
Әр азамат жол қауіпсіздігі ережелерін сақтап, заңға бағынуы керек. Бірақ жастардың дені сол заңды білмейді. Полицейлерге бұл мәселені қолға алу міндеттелді. Бірақ заңды білмейді екен деп, азаматтардың құқығын таптауға да болмайды. Полиция қызметкері қорлайтын емес, қорғайтын тұлға болуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Адамды азаптауға, қинауға, тыйым салынған тергеу тәсілдерін қолдануға мүлдем жол берілмейді. Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс. Күнделікті жұмыста осы талаптар сақталса, азаматтардың полицияға деген сенімі артады.
Бірақ, бұл ымыраның қылмыскерлерге қатысы жоқ. Олар лайықты жазасын алуы керек.
Президент қоғамда Заң мен Тәртіп қатаң сақталуы қажет деді. Қылмыскерді көкке көтерудің зардабын көршілерден көрдік.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Таяудағы оқиғалар қылмыс әлемінің өкілдері, түптеп келгенде, мемлекет пен заңға бағынатын азаматтарға қарсы бас көтеріп, саяси талап қоюға және өз дегенін жасатуға тырысатынын көрсетті. Қылмыскерлермен күрес ымырасыз жүргізілуге тиіс. Бірде бір құқық бұзушылықты елеусіз қалдыруға болмайды. Мұнда ұсақ-түйек деген жоқ.
Жиында Президент тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына да тоқталды. Соңғы екі жарым жылда 300 адам көз жұмып, мыңнан аса адам дене жарақатын алған. Отбасындағы тәртіпті де тәртіп сақшылары заң аясында шешуі керек. Жалпы, соңғы жүргізілген әлеуметтік сауалнама халықтың тек 40% полицияға сенетінін айтқан. Соған қарағанда біздің полицияның халықтың досына айналуына әлі біраз уақыт керек секілді.
Бекзат Аманов, «7 күн».