Қарағанды облысының тұрғындары судан тарығып отыр
Қарағанды облысындағы Дубовка ауылының тұрғындары шілденің шіліңгір ыстығында тіршілік нәрінен тарығып отыр. 4 мыңнан астам халқы бар елді мекен жұрты: «осының салдарынан жыл сайын бау-бақша өсіре алмаймыз»,-дейді. Жауаптылар болса бұл құбырдағы апат салдарынан болған уақытша қолайсыздық екенін айтып отыр. Ауылда негізі 4 ұңғыма бар. Қыста 4 мың адамды сумен қамту үшін соның тек біреуі жұмыс істейді. Ал жазда төртеуінің де қуаты жетпей қалады екен. Сондықтан мамандар орнатылатын су сорғыш қалыптасқан мәселені шешуге сеп болады деп сендірді.
Бәтима Қарағызова, Дубовка ауылының тұрғыны:
- Қазір ыстық, шомылу керек, кір жуа алмаймыз. Соның бәріне су керек. Сусыз күн көре алмаймыз, осындай жағдай болып тұр. Бұл немен байланысты екенін білмей қойдық біз. Биыл осы сумен нашар болып тұр.
Ерғали Кисраунов, Дубовка ауылдық округінің әкімі:
- Жаңа су сорғыш алдық. Қазір Жігер су жаңадан 30 кубтық әкеп жатыр. Біз бір күнде 1300 куб су алып отырсақ, енді 1750, 1800-ге дейін су аламыз. Сол кезде жағдай жөнделеді деп ойлаймын.