Алматыда кәсіпкерді пара беруге итермелеген тұрғын ұсталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері кәсіпкерді пара беруге итермелеген Алматы қаласының тұрғынын әшкереледі. Күдікті өзін құқық қорғау органының қызметкерімін деп кәсіпкерлік субъектісіне қатысты тексеру жүргізіліп жатқаны жайлы жалған ақпарат берген. Мәселені шешіп беремін деген желеумен кәсіпкерден 390 мың доллар талап еткен. Абырой болғанда кәсіпкер дер кезінде тиісті мекемеге жүгініп, алаяқтың жолы кесілді. Сот күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасын тағайындады. Тергеу жалғасып жатыр.
Арман Тлеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
- Кәсіпкер алаяқтық әрекеттерге бой алдырмай, Антикорға хабарласты. Күдікті ақшаны алу кезінде ұсталды. Сондай-ақ аталған азаматтың тұрғылықты жерін тінту кезінде қосымша 470 мың АҚШ доллары табылды. Олардың қайдан алынғаны және ұсталған адамның басқа қылмыстарға қатысы тексерілуде.