Астанада парашютпен секірген 58 жастағы ер адам ажал құшты
Астанада 58 жастағы ер адам парашютпен секіріп, абайсызда ажал құшты. Мұны оның жақындары әлеуметтік желіде айтқан. Ресми ақпаратқа сенсек, жерге жайсыз қону салдарынан оның жамбас сүйегі сынған.
Парашют клубының өкілдері өздерінде кезекші дәрігердің жоқтығын мойындап отыр. Ер азамат жансақтау бөлімінде көз жұмды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Сондай-ақ кешегі Бұқтырма су қоймасындағы адам өлімі мен өткен аптадағы Алакөл оқиғасынан соң су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары жаппай тексеріліп жатыр.
Еске сала кетсек, Алакөлде моторлы қайықтың бұрандасы суға батқан 39 жастағы жігіттің жамбас сүйегін сындырып, тізесін кесіп кеткен еді. Дәрігерлер оның сол аяғын кесуге мәжбүр болды.
Шығыс Қазақстан облысының төтеншеліктері мен көліктік бақылау инспекторлары бүгінгі рейдтің өзінен бірқатар заң бұзушылықтарды анықтап отыр. Қайық иелерінің көбінде рұқсат құжаттары жоқ, техниканың дені қауіпсіздік талаптарына сай емес. Жалпы шомылу маусымы басталғалы Шығыстың өзінде ғана 3 мыңнан аса жағажай тексерілген.
Андрей Львов, ШҚО көліктік бақылау инспекциясының жетекші маманы:
- Қазір жағдайдың кішкене түзеліп келе жатқанын байқаймыз. Оған профилактикалық шаралардың ықпалы болды деп есептейміз. Сондай-ақ судағы кәсіп иелері әрбір заң бұзушылықтың жауапкершілігі бар екенін түсіне бастады.