Талдықорған айналасын қоқыс басты
Отбасыңызбен Талдықорған маңындағы табиғат аясына шығып, тынығам десеңіз сүреңсіз көрініске дайын болыңыз. Себебі көпшіліктің көкке шығатын жерінде қоқыс шашылып жатыр. Жетісу облысының экология департаменті қала аумағында қырықтан аса тұрмыстық қалдық үйіндісін анықтаған. Олардың көбі Қаратал, Балықты, Қарасу өзенінің бойына төгілген.
Талдықорған аймағының тұрғындары аптап ыстықта осы Қаратал өзенінің бойына көкке шығады. Бірақ солардың көбі табиғат аясында тынығып, суға шомылып болған соң тұрмыстық қалдықтарын жинамай кетеді. Соның салдарынан қаланы қақ жарып ағатын ағын судың жағалауы қоқыс алаңына айналып барады.
Қаратал ғана емес, Балықты және Қарасу өзендерінің бойында да қоқыс шашылып жатыр. Көбіне азық-түлік қалдықтары, полиэтилен пакеттер және шыны құтылар тасталған.
Қайрат Қадыров, қала тұрғыны:
-Тұп-тұнық, жап-жақсы су. Қандай шөп, жан-жағы ағаш. Бәрі өсіп жатыр. Мына қоқысты көріп ішің ауырады.
Экология департаментінің мамандары үш өзеннің жағалауына «Ғарыш сапары» геопорталы арқылы бақылау жасатқан. Нәтижесінде қырықтан аса қоқыс үйіндісі жатқанын анықтады. Соған сәйкес қалалық әкімдіктің жауапты бөліміне хаттама жіберген.
Алмас Барлыбеков, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
-Қазіргі күнде сол қырық бірдің жиырма бірінде жою жұмыстарын жүргіздік. Ол қырық бірдің он алты нүктесі — жеке сектор. Яғни бос жер, бірақ ол жердің иесі бар. Ол бағытта өзіміздің полиция басқармасына хат жолдадық. Осы азаматтарға, иелеріне шара қолданыңыздар. Қалған екі учаскесінде жою жұмыстарын жүргізудеміз.
Тазалау әкімдіктің жұмысы болса, тұрмыстық қалдықтарды тастайтындарды ұстау — полицейлердің міндеті. Сондықтан олар үнемі рейд жүргізіп тұрады. Тәртіп сақшылары: «Табиғатты ластағандардың кінәсін дәлелдеп, жауапкершілікке тарту қиын», — дейді.
Ыбырай Абаев, қалалық ПБ аға учаскелік инспекторы:
-Осы жергілікті әкімдіктен бізге фотоловушка қойып көмектессе, біз дер кезінде анықтап айыппұлын салар едік. Былтырғы жылы осындай фотоловушкамен оншақты адам ұсталып, оның нәтижесі болған. Ол жаққа қоқыс төкпей, аймақ тазаланып қалды.
Жасырын бейнебақылау камераларын облыс аумағындағы аудан, ауылдарға да орнату қажет. Әйтпесе табиғатты ластайтындардың ісі тыйылмай тұр.
Жанасыл Сабырұлы, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:
-Жыл басында Жетісу облысында 162 қоқыс үйіндісі көрсетілді. Сол бойынша біз облыстық акиматқа ЖКХ басқармасына стихиялық қоқыс үйіндісі бар, сол қоқыс үйіндісі барын айтып жолдадық. Қазіргі таңда Жетісу облысы бойынша лауазымды тұлғаға айыппұл салынды.
Әкімшілік қызметкерлері қоқыс үйінділерін тазалатып, өзен жағалауын біршама қалыпқа келтірді. Бірақ оның нәтижесі ұзаққа бармайды. Себебі тұрмыстық қалдықтарды жинамай кететіндер жетіп артылады. «Мәселені түбегейлі шешу үшін күресті күшейтіп, көпшілік арасында экомәдениетті қалыптастыру керек»,— дейді саладағылар.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев