Хабар телеарнасы

Келер жылдан бастап инженерлік желілерсіз тұрғын үй нысандарын жобалауға тыйым салынды

Келер жылдан бастап инженерлік желілерсіз тұрғын үй нысандарын жобалауға және салуға тыйым салынды. Бұл тұрғын үй салуды шектеу деген сөз емес, жүйелеу ісі оң жолға қойылмақ. Ал биыл 15 миллион шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй пайдалануға берілген. Өткен жылмен салыстырғанда біршама өскен. Кімдерге баспана бұйырды? Нарықтағы несиенің мөлшері қандай?

Биыл жеке баспанасын аңсаған 134 мың адамға тұрғын үй бұйырды. Оның 32 мыңнан астамы жеке үйлер. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13% артқан. Себебі Үкімет қазақстандықтарды сапалы тұрғын үймен қамтуға басымдық беруде. Осы салада өз кәсібін дөңгелетіп жүрген Ерболат Мыңғышпановтың компаниясы да 100-ден астам елордалық тұрғындарға қуаныш сыйлаған. Көмекке жүгінгендерге тиімді бағдарлама ұсынып, бірінші және екінші нарықтағы пәтерлерден сәйкес келетін үйді ұсыну ісімен айналысқан.

Ерболат Мыңғышпанов, жеке кәсіпкер:
-Бірінші табысын қараймыз, несиелік тарихын қараймыз, алғашқы жарнасы қандай екеніне, осы үш мәселеге байланысты біз сол адамға қайсысы тиімді болады, соны біз ұсынамыз. Бүкіл халықтың арманын айтайын ба? Шіркін ай, үйдің алғашқы жарнасын барынша төмен қылып берсе екен. Ең көп дегенде 15-10% болса, ондай бағдарламалар жоқ емес, бар. Алғашқы жарнасы 2%, 10% «Бақытты отбасы» бағдарламалары.

Биыл «Отбасы банкі» 2% жеңілдетілген несие беруге 44 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлген. Яғни 4,5 мыңға жуық адам ең төменгі несиелік пайызбен үйлі болды. Ал 5% жеңілдікпен 3 мыңға жуық несие берілсе, ол үшін 32 млрд теңге бөлінген.

Ұлықбек Тұмашинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бүгінгі күні 647 мың адам кезекте тұр. Оның 256 мыңы және әлеуметтік осал топтарды құрайды. Қысқаша айтқанда 11 мың пәтер жалға берілді. Сатып алуға жергілікті атқару органдарға біз рұқсат беріп жатырмыз. Дайын пәтерлер сатып алуға. Әр өңірдің өзінің бағасы бар. Мәселен, Шығыс Қазақстан болсын, Алматы, Шымкент болсын сейсмикаға байланысты оның бағасы сәл көбірек болады. Астанада нақты айтсақ, бүгінгі күні сатып алынып жатқан пәтерлердің 1 шаршы метрінің құны 320-340 теңге.

Жыл қорытындасы бойынша 15 миллион шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 5,9 триллион теңге болған. Мемлекет бірінші кезекте әлеуметтік осал топтағы 11 мыңға жуық азаматты пәтермен қамтып, жалдамалы пәтер сатып алуға 104 миллиард теңге бөлген. Ал 13 мыңға жуық тұрғын үйді несие бойынша сатып алуы үшін 158 миллиард теңге көлемінде қаржыландырылды.

 

Марат Жарбулов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитетінің бас сарапшысы:
-Жалпы бізде мемлекеттің саясаты осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Ең бірінші мақсаты. Қалғаны өз-өзіңді реттейтін нарық болып саналады. Өйткені екінші деңгейлі банктер, оған сәйкес ипотекалық бағдарламалар өз еркімен ашады. Мемлекеттік инвестиция есебінен 14 мыңға жуық пәтер берілді. Жеңілдетілген несиелерді алсақ 2023 жылы 139 миллиард теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздар, жергілікті атқарушы орган тарапынан шығарылды.

Тұрғын үй бағасының қымбаттауына құрылыс материалдарының құны тікелей әсер етеді. Бағаны тұрақты ұстау үшін өндірісі көлемі 10% өскен. Биыл құрылыс индустриясы саласында 270 жобаға 2 триллион теңгеге жұмсалған. Тарқатсақ, Абай облысында цемент зауыты қалпына келтірілді. Жетісу облысында қыш тақтайшасы, ал Астанада шатыр қаптайтын материалдарды шығару жолға қойылған. Тіпті 2027 жылға дейінгі жол картасы бекітілді.

Әсел Нұрахметова, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басқарма басшысы:
-Құрылыс материалдарына әр квартиал сайын мониторинг жүргізеді. Мысалы, цемент бағасы 2% 8% дейін қымбаттаған. Дегенмен ол бетон мен асфальтобетонның бағасына қатты әсер ете қоймайды. Болат бағасы 30% дейін төмендеді. Жүннен жасалған жылу оқшаулағыш плитаның бағасы 13% арзандаған. Бізде құрылыс материалдарын өндіретін зауыттар оң жолға қойылуда.

Одан бөлек, сумен жабдықтау мен су тарту желілері 2 мың шақырымға дейін жөнделген. Қалалардағы сумен қамту деңгейі 98%, ал ауылдарды қамту 96% жеткен. Ал Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдың соңына дейін халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Авторлары: Диана Қадыр, Алибек Алиев