Ұлытау облысында керамикалық кірпіш зауыты ашылды
Ұлытау облысының Талап ауылында керамикалық кірпіш зауыты ашылды. Тәулігіне 60 мың қыш кірпіш шығаруға қауқарлы кәсіпорын жеке инвесторлардың қаржысына салынған. Жоба құны – 500 млн теңге.
Бүгінге дейін Жезқазған мен оған қарасты елді мекендерге кірпіш өзге облыстардан тасымалданатын. Ұзақ жылдар тұрғын үй құрылысының тұралап қалуына бір себебі осы. Ал енді түгел облыс кірпіштен таршылық көрмейтін болады. Шағын ғана ауылда өнімділігі жоғары зауыттың ашылуы өңір тұрғындары үшін зор қуаныш.
Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:
- Инвестордың келуі ең бірінші осы құрылыс материалдарының бары мен жоғында. Көбі «кірпіш зауыты жоқ екен»,- деп келмейді. Осы зауыттың ашылуы арқасында көптеген құрылыс компаниялары келе бастайды үй соғуға. Өйткені бағасы тиімді. Сондықтан құтты болсын.
Зауыт жұмысы жартылай автоматтандырылған. Қажетті шикізат та осы төңіректен. Кәсіпорында әзірге 60 адам екі ауысыммен жұмыс істейді.
Болат Жасыбеков, шебер:
- Құдай қаласы келесі жылы екі есеге көтерсек деп отырмыз. 120-150 адам жұмыс істейтін болады болашақта. Ауыл жастарына керемет мүмкіндік. 350-400 мың айлық шығады.
Сапасы стандартқа сай өнімге сұраныс жоғары. Тұтынушылардың тапсырысы бойынша зауыт қазірдің өзінде кірпіштің 3 млн данасын шығарып үлгерген. Ал жалпы қуаты жылына 20 млн дана.
Телібай Бекмұратов, зауыт директоры:
- Келесі жылы қосымша үлкен производственный корпустар саламыз. Жазы-қысы туннелдік пештер болады. Оның ішінде полный автоматизированный, робот деп аталады, соны қоямыз.
Зауытта әзірге өнімнің бір түрі шығарылады. Дегенмен «тапсырыс болса кірпіштің өзге маркаларын да дайындай аламыз»,- дейді мамандар.
Айта кету керек, жаңа зауыт өңірдегі табиғи газдың игілігін көре бастаған кәсіпорындардың алғашқысы. Қыш кірпіштерді көгілдір отынмен күйдіру жұмыс қарқынын арттыруға мүмкіндік берген.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева