Биыл Қарауылтөбедегі егінжайға қауынның 10 түрі егілді
Биыл Қарауылтөбедегі тәжірибелік егінжайға қызылордалық ғалымдар қауынның 10 түрін еккен. Оның басым бөлігі шетелдік сұрыптар. Израилдік және голландиялық сорттың өнімділігі өте жоғары. Дегенмен шаруалар салмағы 15 келіге дейін тартатын жергілікті әміренің жаңа түріне ерекше мән беріп отыр. Агроғылымды дамыту Мемлекет басшысының Жолдауында да айтылған болатын. Ғылыми-зерттеу институтының мамандары өнімділігі жоғары дақылдарды облыс көлеміндегі шараушылықтарға кеңінен тарататпақ.
Самалбек Қосанов, «Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС директоры:
- Гибридтер, будандар өздерін жақсы көрсетіп жатыр. Әсіресе мынау биылғы сынақтан өткен «данперра» деген сорты өте шыдамды, төзімді, дәмділік қасиеттері жоғары. Өнімділігі басқаларға қарағанда жоғары. Келешекте біз осы гибрид сұрайтын болса, шаруаларға осыны ұсынатын боламыз.
Қызылорданың дәмі тіл үйіретін торлама қауыны Еуропада сұранысқа ие. Осы жылдың 7 айында Қазақстаннан 3 мың тоннадай бақша дақылдары экспортталып, 1 млн доллар шамасында пайда түскен. Әсіресе кәрі құрлықтағы Германия, Польша, Украина және Балтық жағалауы елдері бал шырынды қауын-қарбызды аттай қалап алады екен.