Хабар телеарнасы

Отбасы күні қарсаңында әр өңірдің ең мерейлі әулеттері Астанаға жиналды

Осы жексенбіде қазақстандықтар отбасы күнін атап өтеді. Мереке қарсаңында, әр өңірдің ең мерейлі әулеттері Астанаға жиналды. Олар «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында жеңіске жетіп, 3 мыңнан аса отбасыдан басып озғандар. 20 лауреатты марапаттау рәсімі өтті. 

Әміре әулеті Қарағанды облысының Ақадыр кентінде тұрады. Отбасының тірегі Елубай ақсақал – 89 жаста. Бала күнінен жұмысқа ерте араласқан тыл ардагері, еңбек ардагері атанды. Өмір бойы жүк көлігін тізгіндеп, 40 жыл өндірісте тер төкті. Енді зейнеттің бейнетін көріп отырған ата ұрпақтарына еңбектің наны тәтті екенін айтудан жалықпайды.

Елубай Әміре, тыл ардагері: 
-Еңбек жолымды мен жалғыз мәшінеден емес, мал бақтым, одан карьерда шахтада жұмыс істедім. Балаларым мен немерелерім түгел жұмыс істеп, бос отырмайды. Еңбекке баулынған балаларым. 

Ал жары Шәкітай әжей 9 құрсақ көтерген «Алтын алқа» иегері. Кезінде бала тәрбиесіне де, жұмысқа да көңіл бөлген ол, бүгінде немерелері мен шөберелерін мәпелеп отырған аяулы әже. Екеуінің отасқандарына биыл 65 жыл екен.

Шәкітай Жұмабекқызы, батыр ана: 
-33 шөберем, 32 немерем бар. Шүкір тәуба бәрін өсірдік, жеткіздік. Қатарынан қалдырғанымыз жоқ. 

Бұл мерейлі отбасы ұлттық байқауының жеңімпазы атанған бір ғана шаңырақ. Еліміздің әр өңірінен осындай 20 өнегелі отбасы таңдалған. Олардың әрқайсысы түрлі салада тер төккен, еңбек ерлері мен өз істерінің майталмандары, шаңырақтарын айрандай ұйытып отырған мерейлі отбасы. Шараның шымылдығын ашқан мәдениет және Ақпарат министрі осылай дей келе, Президент құттықтауын жеткізді.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
-Белгілі бір мамандықты ата кәсіпке айналдырған азаматтардың көп болуы қуантарлық жайт. Осындай үлгілі әулеттен қоғамдағы ұрпақ сабақтастығының сақталуына ықпал етеді. Халқымызда ұяда не көрсе, ұшқанда соны көресің деген жақсы сөз бар. Отаншылдық, еңбекқорлық, білімпаздық, үнемшілдік, жанашырлық, әділдік сияқты адал азаматқа тән қасиеттер ең алдымен отбасыда қалыптасады. Әділетті Қазақстанды осындай жандар құрады. 

Ұлттық байқау жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар табысталып, жылы лебіздер айтылды. Марапаттау рәсімі концертке ұласты. Әулет үлкендері де, кішілері де дән ырза.

Авторлары: Дана Әлиева, Тоқтар Терлікбаев