Хабар телеарнасы

Елде 2,7 млн гектар астық көгеріп кеткен. LIVE

Мұны егін науқанының барысына талдау жүргізген арнайы комиссия анықтады. Үш аптадан бері жауған жаңбырдан кейінгі жағдай осындай. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанына қатысты өзекті мәселелер қаралды. Еліміздің солтүстік өңірлеріндегі астық өндірушілерге қандай көмек көрсетіледі? Астық сапасы қандай? Бұл бидай бағасына әсер ете ме? Әріптесім Ердәулет Ыбырайұлы сараптамалық орталықтан тікелей эфирге қосылуға әзір.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
-Астық еліміздің көп аймағында өседі. Бірақ басым бөлігі солтүстік өңірлерде. Жағдайға Үкімет деңгейінде алаңдаушылық білдіріліп жатқаны да содан. Егіннің жайын шаруалардан артық кім білсін. Мәселені толық түсіну үшін тілшілеріміз тап осы аймақтағы шаруалармен тілдесті. Егін науқаны уақытылы атқарылған. Тыңайтқыш себу, зиянкестерді улау да жоспарға сай орындалыпты. Бірақ жаз мезгілі әдеттегіден ыстық болды. Ұзаққа созылған аптаптың соңы күзгі жауын-шашынға ұласты. Салдарынан астықтың түсімі аз әрі жиын-терім бәсеңдеп тұр.

Әсіресе Қостанай облысында жағдай қиын. Аймақта астықтың үштен бір бөлігі бүлінді деген болжам бар. Кей диқандар әлі күнге дейін егінге орақ сала алмай отыр. Себебі алқаптар құрғамаған.

Александр Бородин, шаруа:
-Қазір жаңбырдың кесірінен бидайдың ақуызы төмендеп кетті. Сәйкесінше 4-5 класты астық жинасақ, оған ертең сұраныс та, баға да болмайды.

Толассыз жауыннан кейін Ақмола облысында күзгі орақ науқаны қайта жанданды. Қазір 1 млн 200 мың гектар алқаптан астық жинап алынды.

Сапасы төмендігі — бір. Биыл өніміділік те көңіл көншітпей тұр. Орташа есеппен Ақмола облысында бір гектардан 5,6 центнер астық бастырылуда. Қостанайда бұл көрсеткіш 9,2 центнерді құраған. Тек Солтүстік Қазақстан облысының өнімділігі жоғары болып тұр. Гектарынан 10,5 центнер.
Сол аз өнімнің өзі шаруаларды тағыда қосымша шығындануға мәжбүрлеуде. Бидай ылғал. Оны кептіруге техника және дизель керек. Бүгін Үкіметте бұл мәселе көтерілді және келесідей тапсырма берілді. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Энергетика министрлігі астықты кептіру үшін жеңілдетілген бағамен қосымша көлемде дизель отынын бөлетін болады. «Бәйтерек» холдингі несиелер бойынша қарыздарды қайта құрылымдап, қолайсыз айыппұл санкцияларын салмай, тауарлық несие мерзімдерін ұзартып отыр. Ауа-райының қолайсыздығы форс-мажорлық жағдай ретінде танылуы тиіс. Субсидияларды толық көлемде төлеу керек. 

Тақырып өзекті болған соң Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысынан соң арнайы брифинг өткізді. Басты сауал қанша өнім алу болжануда және нан бағасы көтерілмей ме?

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
-Әкімдіктер берген есепке сүйенсек 16 млн тонна астық жиналады. Былтырдан қалған 3 млн тонна бидай тағы бар. Демек ішкі сұранысты артығымен жаба аламыз. Өнім қымбаттамауы үшін субсидия беру түріндегі шараларды қолданып нан бағасын тұрақты ұстауға болады. Тұқым қорын әзірлеуді қазірден бастап жатырмыз.

Министрдің тағы бір айтқаны – әдеттегідей экспортқа да астық шығарамыз. Астық сақтау қоймалары тәулік бойы жұмыс істеу тәртібіне көшіріліпті. Бидай алқабының 60% орылмаған. Өткен жылдары бұл кезде науқанды аяқтауға қамданып жататынбыз. Сонымен қатар қуаңшылықтан зардап шеккен Жамбыл облысының аграрларына резервтен 3,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Қаржы шаруаларға, келесі жылғы дала жұмыстарына дайындалуға көмектеседі.