Еліміздің бірқатар өңірінде жылыту маусымы басталды
Соның бірі Екібастұзда бірінші кезекте әлеуметтік нысандар жылумен қамтылды. Ал көпқабатты тұрғын үйлер екі аптадан кейін жүйеге қосылады. Қазір «Екібастұз жылу энерго» орталығында екі қазандық іске қосылған. Қалада 400 шақырымға жуық желі бар. Биыл соның 74 шақырымы, яғни 20% ауыстырылды. Қалғаны ескі болғанымен, жұмыс істеп тұр. Мердігерлер сынақ барысында кішігірім апаттар туындап жатқанын да жоққа шығармайды.
Валерий Левченко, мердігер ұйымның директоры:
- Сынақ кезінде конденсатордың жарылуы болды. Бұл қысымның әсерінен туындаған жағдай. Оны біз қалыпты құбылысқа жатқызамыз. Ең бастысы құбырларды тексеріп шықтық. Енді қыс мезгілінде мұндай зақым болмайды деп ойлаймын. Жылу желілерін жуу жұмыстары аяқталды.
Ал Риддер қаласында көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су беріле бастады. Өткен жылы қыс бойы жаурап, ыстық суға зар болған халық үшін бұл - үлкен қуаныш. Жылу станциясында жөндеу әлі жалғасып жатыр. Таяуда екінші қазандық іске қосылады. Бірақ оны қосу үшін жұмыс істеп тұрған бірінші қазандықты өшіріп, жүйені салқындатып алу керек. Демек ыстық сумен қамтуда уақытша кедергілер туындамақ. Қала басшылығы тұрғындарға бұл кезеңді сабырмен күтуге кеңес береді.