Темір жол көлігі 2027 жылы жасыл технологияға көшуді бастайды
Бұл туралы Астанада өтіп жатқан алтыншы халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумында айтылды. Бірінші кезекте газбен жүретін локомотивтер алынады. Басқа да нұсқалар зерттелуде. Мамандардың айтуынша, тасымалдау көрсеткіші жақсарғандықтан пойыздың қоршаған ортаға тигізетін зияны да арта түсуде. Сол мәселені шешу үшін жасыл технологияға өту туралы шешім қабылданыпты. Тасымал демекші, Қазақстанның транзиттік әлеуеті орта дәліз арқылы тұрақты түрде жоғарылап келеді. Бұл бағытқа Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия одан әрі Еуропа елдері кіреді. Былтыр осы аралықта 1,5 млн тонна жүк тасымалданған. Биыл бұл көрсеткіш 1,7 млн тоннаға жетіпті. Сарапшылар бұл сандарды «тағы бес есе арттыруға болады»,— дейді.
Марат Қарабаев, ҚР көлік министрі:
- Қазір Қытайдан шыққан жүкті Еуропаға жеткізуге 18 тәулік кетеді. Бұл әлемдік тасымал жүйесіндегі ең қысқа мерзім. Еліміздің жүк өткізу қабілетін арттыру үшін былтыр Достық-Мойынты екінші жолын салу басталды. Осындай тағы 3 жоба іске асырылады. Алдағы алты жыл ішінде 5 мың шақырым жолды қайта қалпына келтіру және жаңадан салу жоспарлануда.