Ұлытау облысында 5 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылды
Ұлытау облысында жалпы өңірлік өнім былтырғы жылмен салыстырғанда 13% өсті. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі де анағұрлым артқан. Нәтижесінде өңір бюджеті 113 млрд-тан 141 млрд теңгеге дейін ұлғайды. «Енді бұл қаражат аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталады»,— дейді мәслихат депутаттары алдында есеп берген облыс басшысы.
Ұлытаудың бюджеті аз болғанымен, жан басына шаққанда Республикада 6-шы орында. Халық саны аз болғандықтан бар қаражатпен де бірталай іс атқаруға болады. Депутаттар алдында есеп берген аймақ басшысы жүзеге асып жатқан негізгі жобаларды атап өтті.
Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:
-Ең үлкен біздің өзекті мәселе ол — ауыз су. Жезқазған қаласындағы үйтас-айдос жерасты су құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Биылдың өзінде 4,2 млрд игерілді. Жалпы 12 километр жұмыс атқарылды.
Өңір тұрғындарын алаңдатқан мәселенің бірі – экология. Соңғы жылдары онкологиялық ауру белең алған. Сондықтан алдағы жылдары денсаулық сақтау саласын дамытуға басымдық беріледі.
Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:
-1,5 млрдқа медициналық қондырғылар алдық. 19 маманға 170 млн өздеріңіз қолдау беріп, 5 млн теңгеден подъём қаражат бөлінді. Сонымен қатар 54 резидент оқып жатыр. 168 млн теңге бөлініп қазір облыстық кардиологиялық орталық ашылды.
Халық санының өсуіне байланысты биыл көпқабатты 7 үй салынды. Облыстың бас жоспары бекіген соң құрылыс қарқын алады. Облыстың құрылуымен орта және шағын бизнес саны артты. Бүгінде осы салада еңбек ететіндер саны 30 мыңнан асып жығылады. Жалпы жыл басынан бері 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Жиында аймақ басшысы алдағы жылу беру маусымына әзірлік барысына да тоқталды. Жезқазған биыл қыстан қысылмай шығуға тиіс. Жылу электр орталығын жаңғыртуға 11,7 млрд теңге бағытталды.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева