Былтыр елге тартылған шетелдік инвестиция 11% төмендеген
Мәжіліс депутаты Олжас Құспековтың айтуынша, шетелдік инвесторлар қағазбастылық пен түрлі кедергілерге тап болады. Соның бірі – жемқорлық. Бұл саладағы мәселелерді шешу үшін Ұлттық экономика мен Сыртқы істер министрліктері бірлесіп, шетел капиталын тартудың тұтас экожүйесін жүргізбек. Жалпы биыл 1,5 миллиард доллардан астам қаржыға 40 инвестжобаны іске асыру жоспарда. Қытайлық ірі компанияның қатысуымен Алматы облысында тау-кен байыту комбинаты салынады. Ал 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді екі есеге арттырып, 150 миллард доллар көлемінде инвестиция тарту көзделген.
Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Негізгі мәселе біздегі бар бюрократия. Сосын аймақта отырған көптеген әкімдер, мысалы үшін, облыс әкімінің түсінігі бар болып тұрып, көзқарасы болса да, аудан немесе ауыл әкімінің түсінігі дұрыс болмай, инвесторларға жағдай жасамайды. Оған халықты қарсы қойып, бюрократиялық мәселелерді көтеріп, сондай тежеу жұмыстарын жасау фактілері өте көп. Біраз әкімдерге шара қолданған, біраз әкімдерге штраф салынған.