Ауыл шаруашылығына санақ жүргізіледі
Қазақстанда келесі жылы ауыл шаруашылығы санағы басталады. Бұл туралы Үкіметте өткен кеңесте айтылды. Науқан 2024 жылдың тамыз айында пилоттық режимде жүргізіліп, 2025 жылы аяқталады. Оның аясында барлық қалалар мен ауылдардағы агрокәсіпорындар, жеке шаруалар, фермерлік қожалықтар, қосалқы шаруашылықтар мен бау-бақша және саяжай кооперативтерінің бүкілі есепке алынады. Соңғы рет мұндай шара елімізде 2006-2007 жылдары өткен. Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің сөзінше, бұл жұмыс ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы толық ақпарат алу үшін керек. Сенімді деректерсіз саланың дамуын сапалы жоспарлау қиын. Ал бүгіннен бастап қазақстандықтар жеңілдетілген лизинг бойынша ауыл шаруашылығы техникаларын сатып ала алады. Несие 6% берілмек. Бағдарлама бойынша бір адам жалпы сомасы 205 млн теңгеден аспайтын елімізде құрастырылған 3 техника алуға құқылы. Өтініштер «ҚазАгроҚаржы» компаниясының арнайы телеграмм боты арқылы қабылданады.