Хабар телеарнасы

Тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктеріміз

Таяу жылдары шалғайдағы тұрғын саны 200-ге жетпейтін 700-ге жуық ауыл кең жолақты ғаламтормен қамтылады. Мемлекет басшысы қойып отырған міндетті орындау қазірден қолға алынып, бүгінде 176 елді мекен интернеттің игілігіне қол жеткізген. Бұл жұмыстар «ҚазСат-2» және «ҚазСат-3» ғарыш аппаратырының көмегімен іске асуда.

Астанадан 100 шақырым жерде, қалың қарағайдың бойын ен жайлаған Ақкөл деген қала бар. Бұл шаһардың сіз бен біздің үйіміздегі байланысқа, телевизияға және интернетке қандай қатысы болуы мүмкін? Біле білсек, бұл игіліктер бізге 40 мыңдай шақырым биіктікте ұшып жүрген «ҚазСат-2» және «ҚазСат-3» ғарыш аппараттарының көмегімен қолжетімді. Демек сол көктен келетін құдірет жерден басқарылады. Бұл Ақкөлдегі ғарыштық байланыс орталығы.

Сонымен аңдасаңыздар Ақкөлді Қазақстанның телекоммуникация, байланыс және интернет орталығы деп тануымызға толық негіз бар.

Александр Стыцура, ұшуды басқару орталығының жетекші инженері:
- «ҚазСат-2», «ҚазСат-3»  ғарыштық аппараттары осы бөлмеден басқарылады. Олардан графикалық және телеметриялық ақпараттар үздіксіз келеді. Сол арқылы біз ғарыш аппараттарындағы борттық құрылғылардың жай-күйін біліп отырамыз. «ҚазСат-2» орбитада жүргеніне 12, ал «ҚазСат-3» орбитада жүргеніне 9 жыл болды. Осы уақыттан бері біз оларды 24/7 режимінде басқарып отырмыз.

«ҚазСат» аппараттары қайда десеңіз, олар Геостационарлық орбитада ұшып жүр. Жалпы Астрофизика ғылымы стационарлық орбитаны экваторлық ендіктен 35786 шақырым қашықтықтан басталады деп белгілеген. Аталған орбитадағы кез-келген жер серігінің айналу жылдамдығы жердің өз осінен айналу жылдамдығымен бірдей. Яғни жермен бірге айналады.

Ал Ақкөлдегі мына алып тәрелкелерден есептесек, спутниктердің қашықтығы 39 мың шақырымнан асады екен. Сонымен көктегі ҚазСат қондырғылары жердегі бізге не береді деген қарапайым сұраққа жауап алсақ.

Дидар Зарқұмов, «Ақкөл ҒБО» жетекші инженері:
-«ҚазСат-2» және «ҚазСат-3» ғарыштық аппараттары арқылы Қазақстандағы байланыс операторларын, ғарыштық байланыспен сұранысын 100% қамтып отырмыз. Қазір кезде телерадио тарату, OtauTV және AlmaTV сияқты телерадиохабарлар тарату біз арқылы, біздің спутниктер арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар ұялы телефон байланысы және үйдегі телефон байланысы біз арқылы өтеді. Сонымен қатар қорғаныс мәселесінде біздің қазақстандағы көптеген компаниялар біз арқылы жұмыс істейді.

Мониторинг орталығы деп аталатын мына бөлмеде «ҚазСат» аппараттары беретін байланыс және интернет жиіліктері және телевизиялық диапазондар тұтынушыларға беріледі және қадағаланады. Мәселен, ұялы байланыс операторларына жиілік керек болса, оларға осы жерден қосып береді. Сондай-ақ шалғай ауылдарды ғаламтормен қамту жөніндегі Президент тапсырмасы бар. Қазір осы жұмыс қолға алынған.

Дидар Зарқұмов, «Ақкөл ҒБО» жетекші инженері:
-Ұялы телефон байланысын қою тиімсіз болғандықтан біз осы елді мекендерді, 176 елді мекенді ғаламтор желісіне қосып отырмыз. Яғни біздің «ҚазСат-3» спутнигі арқылы қазір осы елді мекендер қосылып отыр. Мемлекеттік қызметтерді алып отыр. Алдағы уақытта қосылмаған 700-дей елді мекен бар. Алдағы уақытта оларды қосамыз деген үміттеміз. 

Алдағы уақытқа жоспар да, міндет те көп. Жуырда Ақкөл ғарыштық байланыс орталығына Парламент Сенаты Қорғаныс және халықаралық қатынастар комитетінің депутаттары келіп көшпелі жиын өткізіп кетті. Мемлекеттің алдында ғарыштық технологиялармен байланысты стратегиялық міндеттер тұр, тиісінше ҚазСаттардың да қатары көбеюі тиіс. 

Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Яғни ғарышқа біздің спутнигімізді шығаруымыздың өзі болашақта мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, қорғаныс қабілетімізді арттыру үшін керек болатын нәрселер. Болашақта біз «ҚазСат-3» комплексін құру үшін жұмыс жасауымыз керек. Яғни ол 2027 жылдан бастап жұмыс жасауы керек.

Депутаттар ғарыш саласына маман даярлау, материалдық техникалық базаны жаңғырту және ең бастысы қызметкерлердің жалақысынан мемлекет аянып қалмау қажет дейді. Ол үшін заңдық алғышарттар жасалады. 

Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Алдыңғы қатарлы 11 державада ғана осындай спутниктер бар. Соның ішіне Қазақстанның кіруі бұл біздің жетістігіміз.

Авторлары: Берік Дүйсенбай, Самат Сүлейманов