Өскеменде энергетика саласындағы кадр тапшылығы шешіледі
Шығыс Қазақстанда дуалды оқыту жүйесіне қызығушылық танытқан кәсіпорындар саны артып келеді. Облыстағы зауыт-фабрикалар 30 шақты оқу орнымен тығыз байланыс орнатқан. Қазір 4 мыңдай студент білім алып, тәжірибеден өтіп жатыр. Аталған жоба бойынша былтыр 800 аса түлек білімін шыңдаса, биыл олардың саны мыңға жуықтаған. Ең бастысы дуалды жүйемен білім алған жастардың барлығы жұмыспен қамтылған.
Дуалды оқыту – кадр тапшылығын жоюдың керемет әдісі екені талай рет дәлелденді. Мәселен, Өскемен жылу электр орталығында дәл қазір 5 студент теорияны практикамен ұштастырып жүр. Солардың бірі – Перизат Санатова. Болашақта жылу энергетика саласының маманы атанып, осы орталықта қызмет етпекші.
Перизат Санатова, Өскемен жоғары политехникалық колледждің 3-курс студенті:
- 12 апталық дуалды оқыту практикасына келдім, практика барысында өзімнің жақсы жақтарымды көрсетіп, теориялық білімімді практикалық білім ретінде бекітіп, дамытып, игеріп жатырмын. Болашақта сырттай сырттай білім алып, жылу электр станциясында жұмысқа тұруға жоспарым бар.
Наталья Слободчикова, «Өскемен жылу электр орталығы» ЖШС оқыту орталығының жетекшісі:
- Біз дуалды оқыту жүйесі арқылы осымен түлектердің екінші толқынын дайындап жатырмыз. Бұл жерде барлық мүмкіндік бар. Оқу алаңы да, тәлімгерлер де дайын. Өзімізге керек маманға тәжірибелік тұрғыда жан-жақты қолдау көрсете аламыз. Яғни жастар өндірістің қыр-сырын толық меңгереді.
Жалпы жылу энергетика саласын үздіксіз кадрмен қамту қашан да маңызды. Сондықтан облыс әкімі тапсырмасымен Согра жылу электр орталығында да дуалды оқыту жүйесі сәтті жүзеге асырылды. Осылайша аталған кәсіпорында маман тапшылығы мәселесі толығымен шешілмек.
Алима Ақылбек, ШҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:
- 19 студент қазір сол орталықта практикадан өтіп жатыр. Тек қана практика емес, ай сайын оларда еңбекақы бар, 200 мың теңгеден артық еңбекақы алып жатыр. Осындай тапшылығы бар кәсіпорындармен біз жұмысты ары қарай жалғастыратын боламыз.
Аймаққа құрылыс саласындағы жұмысшылар да ауадай қажет. Желтоқсан айынан бастап осы бағыттағы ірі компаниялар дуалды оқытудың келесі кезеңіне студенттерді қабылдауға әзірленіп жатыр.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов