Елімізде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы өтіп жатыр
«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы аясында сарапшылар Астанада бас қосты. Олар ахуалды реттеу үшін әлемдік тәжірибелерді талдауда. Соның бірі — алкогольді ішімдік сатуды шектеу. Мамандар бізде де тиісті заңға осындай өзгерістер енгізуді ұсынды. Айтуларынша, отбасы мүшелері мен жақындарына күш көрсетудің 80% мас күйде жасалады. Демек мәселенің тамыры ішімдіктің қолжетімді болуында. Мамандар зиянды сусын сататын орындарды азайтып, сату уақытын қысқартуды ұсынуда. «Ал сатып алушылардың жас мөлшерін ұлғайту қажет»,— дейді. Жалпы ішімдіктен тыю жанұядағы жанжалдан бөлек, көлік апаты, ұрлық пен өзге де бұзақылық фактілерінің азаюына ықпал етеді.
Ренат Зулхаиров, ҚР ІІМ департамент төрағасының орынбасары:
- Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың артуында ішімдік басты себеп болып тұр. Оны сатуды заң жүзінде шектейтін ережелер қабылданса ахуал анағұрлым жақсаруы тиіс. Мәселен, бір дүкен күніне осынша ғана арақ сатсын дегендей. Сосын ішімдікті онлайн тапсырыспен алдыру артуда. Оны да реттеу қажет деп санаймыз. Айтылған ұсыныстар арасында клуб, мейрамхана сияқты мекемелердің түнгі уақытта алкоголь сатуын тоқтату да бар.
«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында өңірлерде де шаралар қолға алынды. Шымкентте әлеуметтік эксперименттер жасалды. Шартты түрде ерлі-зайыптылар қоғамдық орында өзара араздасып қалады. Жігіттің агрессияға толы әрекетін көпшілік тоқтатуға тырысқан. Енді біреулер үнсіз ғана өтіп кетеді. Белсенділер мұның бәрін видеоға түсіріп әлеуметтік желілерде тарату арқылы мәселенің өзектілігін көрсетпек. Ал Қызылордада халық көп шоғырланатын алаңдар мен сауда үйлерінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірде жыл басынан бері зорлық-зомбылыққа қатысты 2 мың 600-ден астам хабарлама түскен. 65 қылмыстық іс тіркеліп, 1 мың 800 қыз-келіншек арнайы қорғауға алыныпты. Ал еліміз бойынша жыл сайын отбасылық зорлық-зомбылық құрбаны болатындар саны шамамен 100 мыңға жуық. Заң күшейтіліп, шаңырағының шырқын бұзғандарды қамауға алу мерзімі 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін ұзартылған. Жанжал кезінде адам денсаулығына ауыр және орташа зиян келтірген тұлға 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.