Мал өліміне не себеп?
Соңғы алты күнде Ақтөбе облысы Алға ауданындағы бір қожалықтың 9 бас сиыр өлген. Әзірге нақты себебі белгісіз. Қазір ветеринар мамандар тиісті шараны қолға алып, зертханаға материал тапсырған. Қорытындысы 10 күннен кейін белгілі болмақ. «Ірі қара мал уланған болуы мүмкін» деген болжам да айтылып жатыр. Қазір шаруашылықтағы малдың жайылым бағыты өзгертілген. Мамандар жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Бердімұрат Бекжанов, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
-Ветеринарлық мамандар сол кезде барып өздерінің шараларын жасап, алдын-ала өлексені сойып қарау кезінде улану деген диагноз қойды. Біздің тағы да бір қаупіміз «қарасан» ауруы деп есептеп отырмыз. Лаборатория ғана анықтай алады оны. Диагноз анықталып жатса, бұларда эпизоотияға қарсы отряд бар сол сауықтыру жұмыстарын жүргізеді.
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 223 ірі қарадан бруцеллез анықталды. Соңғы дерек бойынша, мал ауруы Тұғыржап, Үлгілі, Ленинское және Плоское елді мекенінде тіркелген және осы жағдайға байланысты төрт ауылда шектеу шаралары енгілді. Мұнда енді мал союға, ет және сүт өнімдерін сатуға қатаң тыйым салынған. Бүгінде ветеринарлар өңірде үй жануарларын тексеріп, сараптама жасап жатыр. Жұқпалы кеселдің әрі қарай таралуының алдын алу үшін 20 күн сайын төрт түліктен сынама алынады. Жалпы аймақта малы санитарлық союға жіберілгендерге 22,6 миллион теңге өтемақы төленді.