Елдегі әрбір үшінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды
Елдегі әрбір үшінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Кемі 80 келіншек отбасылық дебоширлардың қолынан қаза табады. 200 жуығы орташа және 4000 астамы жеңіл жарақат алады. Күн сайын полицияға 300 хабарлама түседі. Бұл Бас прокуратураның ресми дерегі. Әйелдердің құқығын қорғау үшін, әрі мұндай жағдайлардың алдын алу үшін елде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы өтіп жатыр.
Шығыс Қазақстан облысында биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 3 мыңнан астам дерек тіркелді. Сондықтан отбасылық-тұрмыстық заңбұзушылықтардың алдын алу жұмыстары күшейтілді. Тәртіп сақшылары жанжал шығаруға бейім азаматтарды анықтап, рейд жүргізді.
Қорлан Туғамбаева, «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрайымы:
- Жаңа ғана үш отбасыға бардық. Бірінші отбасында, өкінішке қарай, ұлы ішімдікке салынып, өзінің туған-шешесін сабағаны үшін 140 күнге қамалды. Екінші отбасыға барған кезде ерлі-зайыптылардың арасында осы алкогольді ішімдіктің нәтижесінде бір-біріне қоқан-лоқы көрсетіп, әйелін ұрып, ол кісі де 30 күнге түрмеге жабылды.
Астанада азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері бас қосып, отбасылық мәселелерді шешу жолдарын талқыға салды. Мамандардың айтуынша, күйеуінен зәбір көретін әйелдердің басым бөлігі жолдасына қаржылай тәуелді. Осы фактор олардың жеке бас қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауына кедергі келтіріп отыр.
Халида Әжіғұлова, заңгер, құқық қорғаушы:
- Көбіне зорлық-зомбылық туралы айтқанда қаржылық зорлық назардан тыс қалады. Әйел тәуелді болғандықтан отбасында ешқандай шешім қабылдай алмайды, ешқайда бара алмайды. Оған қысым көрсету оңай. Мұнымен күресу үшін қыз балалар жақсы жоғары білім алып, қаржылық тұстан тәуелсіз болуы керек. Сонда олар мұндай жағдайға төзбейтін болады.
Көрші елдерде де бұл мәселе өзекті. Мәселен, көрші Өзбекстанда жуырда заң күшейтілді. Енді оларда отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстық іс ретінде тіркеледі.
Биродар Мирзаев, азаматтық бастамаларды қолдау орталығының өкілі, сарапшы:
- Бұған дейін Өзбекстанда отбасылық зорлық-зомбылық фактілері тіркелсе, кінәліні 15 күнге дейін қамап, не әкімшілік айыппұлдар салатын. Қазір заң қатаңдаған. 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін екенін бәрі біледі. Сондықтан әйелдерге қысым көрсету деректері азайды.
Тәрбие – тал бесіктен екенін де ескерген жөн. Мұндай жағдайларды тыю үшін әке тәрбиесі маңызды. Алматы облысының тәжірибесін үлгі етуге болады. Аймақтың әр ауылында әкелер кеңесі жұмыс істейді. Олар балаларды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, өнерге баулып, ұстаздарға қолғабыс етеді.
«Әке ұлды тәрбиелесе, ана тұтас ұлтты тәрбиелейді». Қызылорда облысында өткен «Анаға тағзым» форумында міне, осы отбасы құндылықтарын сақтау тақырыбы кеңінен қозғалды. 400 әйел қатысқан шарада әлеуметтік мәселелер қаузалды.
Авторы: Дана Әлиева