Жылыту маусымы: Екібастұздағы апат қайталануы мүмкін бе?
Жалпы еліміздегі жылу желілері мен жылу электр орталықтарының тозуы 50% асып кеткен. Ал ТЭЦ жасын сұрасаңыз, дені 50 еңсеріп, мосқал тартқан. Оның сыртында күллі Қазақстанға жаға ұстатқан Екібастұз апатына да бір жыл болды. Қазіргі жылу энергетикалық ахуал қандай деген қисынды сұрақ сараптамаға сұранып тұр.
Апат айтып келмейді, былтыр бәлки осы мәселе екібастұздықтар мен Риддер тұрғындарының да түсіне кірмеген болар. Қара аспанды төндіргім жоқ, бірақ жылу электр жүйелерінің ескіргенін ескермеуге болмайды.
Қазір жылыту маусымы басталғанына екінші ай, құбыр жарылып, су қатқан бірлі-жарым жағдайлар болмаса, жалпы алғандағы ахуал тұрақты. Бірақ бізге сол жылуды беріп отырған орталықтардың жасы мен жай-күйіне бір назар аудара салғанымыз абзал.
Еліміздегі жылу электр орталықтары туралы жалпы мәліметке тоқталсақ, олардың саны – 37. 22 жылу электр орталығы – жекеменшікте, әкімдіктердің қарауында 10 жылу электр орталығы және 5 нысан квазимемлекеттік секторға тиесілі. Жылу электр орталықтарының ең ескісі – 1934 жылы Семей қаласында салынса, ең жаңасы – 1981 жылы Шымкентте бой көтерген.
Ең жаңа саналатын Шымкенттегі жылу электр орталығының өзі салынғанына 40 жылдан асып отыр. Бұл жылу мен қуат көзін беріп отырған орталықтардың жағдайы, ал оны тарататын желілер ше?
Еліміздің 5 өңірінде жылу желілерінің тозуы 65% асады.
Атап айтсақ, Павлодар облысында ол – 82%, Қарағанды мен Абай облыстарында – 68%, Шығыс Қазақстанда - 66 және Солтүстік Қазақстан облысында - 65%.
Ахуал осы, мамандар қамсыз отыра берсек қапыда қалып, Екібастұздағыдай апат қайталануы мүмкін екендігін ескертумен келеді. Әсілінде жылыту маусымына даярлық Үкіметте көктемнен басталып кетеді. Жылу электр орталықтарынан қыстың көзі қырауда тағы да кілтипан шықпасын деп жоспарларын түзген екен.
Биыл 10 энергоблок пен 49 қазандық және 54 турбинаны жөндеу жоспарланған. Олардың біразы бойынша жұмыстар әлі жүріп жатыр, ал 7 энергоблок, 37 қазандық пен 40 турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталған екен.
Еліміздің солтүстік өңірлерінде алдағы уақытта 30 градустан асатын аяздар күтілуде. «Қам-қарекет қандай, биыл үйде отырып жаурамаймыз ба», деген сұрақты жауапты министрлікке қойдық.
Гүлзада Саттықова, ҚР Энергетика министрлігінің басқарма басшысы:
- Электр энергетикасы объектілеріндегі жағдайды тұрақтандыру үшін жөндеу жұмыстары қажетті көлемінде жүргізілді. 130 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Меншік иелері тарапынан күрделі жөндеулер және жаңартуға шамамен 16,5 млрд теңге қосымша қарастырылды. Риддер, Екібастұз, Теміртау, Жезқазған деген өңірлер бойынша жасалған жұмыстардың көлемі өте ауқымды атқарылды. Барлық жағдайға биылдыққа дайын.
Сондай-ақ өңірлердегі тозығы жеткен жылу желілерін жөндеу үшін биыл қазынадан 86,2 млрд теңге бөлініп, бюджетке кіргізілді. Екібастұзға тоқтала кетсек. 5 қазандықты жөндеуге Үкімет 7,5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлген. Қалған 5 қазандықты «Орталық Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» өз есебінен жөндеп, жабдықтауға міндеттелген. Сондай-ақ шаһарда 33 шақырымнан аса жылу желілері жөнделген. Оған қажетті 11,7 млрд теңгені Үкімет бөліп отыр. Ал тұрғындар не дейді?
Мира Молдахметова, қала тұрғыны:
- Былтыр 27 қаңтарда Екібастұз қаласында жылу құбырлары жарылып, көп үйлер жылусыз қалған болатын. Ыстық сусыз қалған болатын. Өте бір қиын жағдай болды сол кезде. Енді бүгінгі күнде Екібастұз қаласында көпқабатты үйлердің барлығында десек те болады, үйлер жылы. Дегенмен әлі -30, - 20 жаңағыдай градус суық болған жоқ. Суық болып жатса, онысын да көрерміз.
Әзірге көгімізді қауіптің қара бұлты торлап тұрған жоқ. Бірақ «Сақтансаң – сақтайды» қағидасын жылу мен жарыққа жауаптылар қаперде ұстаулары керек дегеннен басқа айтарымыз жоқ.
Берік Дүйсенбай