Интернет алаяқтар тұрғындардың 13 млрд теңгесін қалтаға басқан
Кейінгі кездері халықтың адал ақшасын жымысқы жолмен жымқыратындар көбейді. Ішкі істер министрлігі дабыл қағарлық дерек келтірді.
Жыл басынан бері интернет алаяқтар қазақстандықтардың 13 млрд теңгесін қалтасына басқан. Көбі – онлайн сауда жасау барысында сан соғып қалған. 14 мыңнан аса қылмыс тіркелді. Қайтпек керек?
Алдап, арбап, оңай олжаға кенелем дегендердің айласы сан алуан. Кейіпкеріміз Гаухар Кеңбаева мұны енді жақсы түсінеді. Себебі ол қолма-қол ақшаны банктегіден төменірек пайызбен аламын деп, оңбай қателесті. Интернеттен жарнамасын көріп, сенгені кәдімгі алаяқ боп шықты. Енді 4 баланың анасы полициядан жәрдем сұрауға мәжбүр.
Гаухар Кеңбаева, қала тұрғыны:
- Кабдулова Саягүл Мұратханқызы деген кісіге жүгіндім. Ипотекаға алу бойынша консультацияға барғанмын бір рет офисына. Содан кейін сенімді адам деп мен оған жүгіндім. Сөйткен едім, ол 1,5 млн тг кредитті онлайн маған оформить етіп, тең жартысын ұстап қалды. Мені одан бетер қиын жағдайға батырып отыр ғой. Негізінде еңбекақым 10% алам деген.
Заңгер Аржан Садуақастың айтуынша, мұндай жағдайлар елімізде сағат сайын тіркеледі. Бірақ басым бөлігі шешімін таппайды. Кеткен қаржыны қайтарып алу қиын.
Аржан Садуақас, заңгер:
- Көбінесе полиция қызметкерлеріне мұндай арыздармен барған кезде оны азаматтық іс бойынша өндіріңіздер деп жібереді, қайтарады. Негізінен менің ойымша, бұл жерде қылмыс құрамы бар. Алаяқтық бабы бойынша. Себебі ол сенімге кіріп, адамды алдап, мысалға, ақшасын алып, істейтін нәрсесін істеген жоқ. Азамат сотқа барғанның өзінде де ортада ешқандай құжаттар жоқ. Сол себептен сондай адамдар көбіне ақшасыз қалады.
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев та алаяқтардың зардабын көрген. Оқырмандары «сіз деп ойладық», деп фейк парақшаларға ақша аударғандарын жиі жазатын көрінеді.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Тек қана өткен жылда интернет алаяқтықтың саны 25 мыңға жуықтады мысалға. Ал тура сол сияқты дамыған Кореяда миллионға жуық, АҚШ-та 3 млн жуық факт тіркелген 1 жылда. Австралияда 50 мыңға жуық факт тіркелген. Сондықтан да біз сақ болуымыз керек.
Шетелде отырып-ақ құйтырқы әрекеттерін іске асыратындар көп. Тек былтырғы жылдан бері, Ішкі істер министрлігі байланыс операторларымен бірігіп, 43 млн нөмірді бұғаттаған. Алайда алаяқтар айылын жияр емес.
Депутат мұны реттеу үшін Түркияның тәжірибесін қолдануға шақырды.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Кәдімгі өзімнің паспортыммен жүктеп, одан кейін қайтатын датамды көрсетіп, шамамен Түркияға қай күні келдім, соның барлығын толтырып, видеофиксация жасап барып, маған нөмір берді мысалға. Біз де жайлап осы дүниеге қарай келуіміз керек. Ал бізде қазір қалай? Ұялы телефондардың нөмірін оңды-солды 200 теңге, 500 теңгеден тарата береді де, бастысы нөмір өтсе болды. Ал оның әр жағында кім тұрады? Белгісіз. Сөйтіп адамдар алданып жатыр.
Ішкі істер министрлігі болса: «жыл басынан бері интернет алаяқтық бойынша 19 мыңнан астам іс тіркеген. 4 мыңнан астамы ашылды», - дейді. Көп дерек Алматы, Астана қалалары мен Қарағанды облысына тиесілі.
Қаныш Ашжанов, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры:
- Алаяқтарға нақты алданған кезінде ол кісілер бірден бір сәттен Ішкі істер органдарына жүгінбейді. Кейбіреулері ұялады, кейбіреулері барғылары да келмейді. Осы уақыт жоғалтуынан осы қылмыстық істі ашу кезінде біз ізі суып кетуде. Онда ең көп таралған түрлері – интернет алаяқтық дегенімізде, инвестиция, онлайн сатып алу, онлайн несие және полиция қызметкері ретінде немесе банк қызметкері ретінде өзін таныстыру.
Дана Әлиева, тілші:
- Әрине, интернет кеңістігіндегі алаяқтардың санын дөп басып айту қиын. Белгілісі – ұсталған жағдайда олар 3 жылдан - 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Дана Алиева, Диас Ковланбаев, Аян Сәрсенбаев, Қанат Абильдин