Қосшы қаласының тұрғындары жарық пен жылуға жарымай отыр
Астана іргесіндегі Қосшы қаласының тұрғындары арнамызға осындай шағыммен хабарласты. «Бірер сағат болса түк емес, өткен демалыс күні 13 сағат бойы қазандық дұрыс жұмыс істемей пәтерімізде бүрсең қақтық», - дейді. Қазір күн жылы, ал алдымыз аяз. Жағдай тағы қайталана ма деп алаңдайды.
Жарық сөнсе бұл көпқабатты үйдің тұрғындары бір мезетте жылусыз қалады. «Қысқа ғана уақытқа созылатын ондай үзіліске біз үйренгенбіз», - дейді тұрғындар. Осы жолы жарық бола тұра жылу дұрыс берілмей қиналыпты.
Оралбек Құрманбекұлы, қала тұрғыны:
- Таңғы 5:30 өшті, содан кешкі 21:00 жылуды берді. Ол екі ортада көпбалалы аналар бар, кәрі адамдар бар олардың қатты қиналғаны хақ. Жазда осыларды қарап, тексеру құзырлы органдардың жұмысы ғой.
Рамазан Мұрадов, қала тұрғыны:
- Мен 24 үйде тұрамын. Жалпы соңғы 2-3 жыл шамасында бізде жылудың температурасы төмендеп кетті. Пәтер салқын болған соң электр пешін қосуға мәжбүрмін. Ол қымбат. Оның үстіне желіге артық салмақ түскен соң жарық сөніп қалады.
Қалада орталықтандырылған қазандық біреу. Мән-жайды анықтау үшін жауаптылармен кездестік.
Шоқан Ыбыраев, Орталық жылыту қазандығы директорының орынбасары:
- 19-8 деген линия желдің қатты болуына байланысты сөніп қалды. Тез арада ақауды тауып жөндедік. Сағат 6-да жылу толыққанды берілді. Тепломагистралда жылу беруде проблема жоқ. Графикапен беріп тұрамыз жылуды. Жекелеген үйлерде болғанда біз көмектесуге дайынбыз. Насостары өшіп қалуы мүмкін. Сүзгілерінде кір болуы мүмкін. Ондай жағдайда көмектесуге дайынбыз.
Сағындық Шорманов, ТҮКШ және ТҮИ бөлімінің бас маманы:
- Тұрғындардың санының артуына байланысты жарықтың жетіспеушілігі деген мәселе бізде бар. Оны мойындаймыз. Электр тапшылығын шешу үшін қосымша жаңа станция салу жоспарлануда. Ақша бөлінсе 1,5 жылда оның құрылысы аяқталады. Сол арқылы мәселе толық шешілуі тиіс.
Арнамызға қаланың 19 мөлтек ауданының тұрғындары да хабарласты. Бұл маңдағы үйлер жаңадан тұрғызылған. Нысанның бәрі дерлік 7-20-25 бағдарламасымен сатылыпты. Сатып алушылар енді жарық жеткізушілермен ортақ мәмілеге келе алмай отыр. «Желі жекеге тиесілі болғандықтан, кәсіпкер ұсынған баға әдеттегіден 2 есеге қымбат», - дейді.
Жамал Нокина, қала тұрғыны:
- Компания: «біз 45 теңгеден АРЭК-тен аламыз, сіздерге 60 теңгеден сатамыз», - дейді. Біз айына 3 мың килловат жейміз. Себебі бізде электр қазандық. Айына 180 мың шығады. Негізі қаладағы баға 24 теңге.
Сағындық Шорманов, ТҮКШ және ТҮИ бөлімінің бас маманы:
- Әкімдік пен компаниялар келіссөз жасады. Олар өздерінің жер және сондағы желілерін қала балансына беруге дайын. Енді ережеге сай техникалық талдау және бағалау жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бұл сұрақ сол іс-шаралар аяқталуына қарай шешіледі.
Жаңа аудандағы тағы бір мәселе – жолдың жоқтығы. Бұл сұрақта жерді әкімдік теңгеріміне алғаннан кейін қаралады екен. «Нақты мерзімді айту қиын», - дейді жауаптылар.
Ердәулет Ыбырайұлы, Тоқтар Терлікбаев