Қазақстан көршілес елдердің су ресурстарына тәуелділікті азайтуды жоспарлап отыр
Еліміз көршілес елдердің су ресурстарына тәуелділікті азайтуды жоспарлап отыр. Үкіметте Су кеңесінің отырысы өтіп, су шаруашылығы инфрақұрылымы мен су ресурстарын басқару түйткілдері талқыланды. Қазір елдегі су қоры 102,3 текше шақырымды құрайды. Оның 54% ел аумағында болса, 46% көрші елдерден келеді. Экономикалық қажеттіліктерге жылына 25 текше шақырым су тұтынылады. Оның 65% ауылшаруашылық, 25% өнеркәсіптік қажеттіліктерге жұмсалады. 2040 жылға қарай жаһандық су тапшылығы Қазақстанға да келеді. Сол себепті су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары түзілген.
Су тапшылығының алдын алудың кешенді жоспарына сәйкес, су ресурстарын шақырымына 3,7 млн текше метрге, ал суармалы алқаптар көлемін 2,2 млн гектарға ұлғайту көзделген. 2024-2026 жылдар аралығында 9 өңірде жаңа 20 су қоймасын салу және қолданыстағы 15 су қоймасын күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Фермерлерді субсидиялау есебінен су үнемдеу технологиясымен суарылатын алқаптарды 613,6 мың гектарға жеткізілмек.