Ақтөбе облысында көгілдір отын тапшы
Көгілдір отын тапшылығы Ақтөбе облысында инвестициялық жобаларды дер кезінде іске асыруға қолбайлау болып отыр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының дерегіне сүйенсек, құны 3 трлн теңге болатын 17 ірі кәсіпорын құрылысына табиғи газдың жетіспеушілігі кедергі тудырған. Соған қарамастан жыл басынан бері өңір экономикасына құйылған инвестиция көлемі былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,8% артты.
Мұнай-газ саласына қажетті құрал-жабдықтар шығаратын бұл зауыт 7 жыл бұрын ашылған. Бастапқыда құбырлар мен резервуарлар, атқылау арматурасы сияқты түрлі темір бұйымдарды ғана құйып келсе, биылдан бастап мобильді бұрғылау қондырғыларын өндіруге кіріскен. Жаңа цех құрылысына 1 млрд теңге көлемінде инвестиция салынып, импорттық тауарды отандық өніммен ауыстыруға мүмкіндік туды. Бастысы қосымша жұмыс орындары ашылды.
Руслан Лебедев, зауыт директорының орынбасары
-Зауыт өнімдерінің негізгі тұтынушылары Қазақстандық компаниялар. Мұнай мен газ өндіретін Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан тапсырыс түседі. Қазір отандық өнімді шетелге экспорттау жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. Атап айтқанда Өзбекстанға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Бұдан бөлек Хромтау ауданында тау-кен өндіру саласына тиесілі шламмдарды қайта өңдеу фабрикасы іске қосылған. Жалпы жыл басынан бері жүзеге асырылған инвестициялық жобалардың құны 804 млрд 400 млн теңгеге жеткен. Нәтижесінде 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Нұртуған Оралбаев, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
-Индустриялық аймақта 14 жоба іске асырылды. Қазіргі таңда жұмыс істеп жатыр. Инвестициялар көлемі 29,8 млрд теңге. Перспективада тағы да қосымша 15 жоба қосылады. Олардың инвестициялар көлемі 114 млрд теңге.
Алайда мамандар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға көгілдір отын тапшылығы қолбайлау екендігін жасырмайды. Себебі облысты газбен қамтамасыз етіп отырған магистралды желі жүктемесі 170% асқан. Өңір басшысы жаңа құбыр қолданысқа берілсе бұл мәселе шешімін табады деп отыр.
Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:
-Биыл «Бұқара-Орал» газ құбыры құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Шамамен 30% орындалды. Келер жылы осы жобаны толықтай аяқтасақ, мүмкіндігіміз болады. Соның ішінде мына инвестициясы ірі жобаларды іске асыруға.
Облыс билігінің жоспарына сәйкес жаңа жылға дейін өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1 трлн теңгеден асуы тиіс. Алдағы 4 жыл ішінде құны 4 трлн 1 млрд теңге болатын 51 ірі жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Негізінен баламалы энергия өндіру мен шикізат өңдеп, нарыққа дайын тауар ұсыну бағытына басымдық беріледі.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков