Мобильді аударымдар: салық салына ма?
Мобильді аударымдарды көп қабылдасаң, салық төлейсің. Бұл лимитті бұзған адамдарға қатысты. Оларға келер жылдың сәуір-мамыр айынан бастап ескерту жасалады. Ал одан кейінгі кезеңде заң бойынша айыппұл салынуы да мүмкін. Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа жүйенің ережелерін кезекті рет түсіндірді.
Ердәулет Ыбырайұлы, шолушы:
- Бұл тақырып көтерілгенде басқа-басқа бірден такси жүргізушілері сөз болады. Себебі әсіресе қалалық жерде олармен есеп айырысуды сол телефонмен жүзеге асырамыз. Бірден айтайын алдағы 2 жылда лимитті бұздың деп оларға салық төлету немесе кәсіпкер ретінде тіркелу міндеттеліп отырған жоқ. Оларды есепке алу тек 2026 жылдан бастап жүргізіледі. Міне, сол кезде бәрі заң аясында жұмыс жасауы керек. Дегенмен оған дейін де ескеретін жайттар бар.
Мәселен, бір азамат такси жүргізушісі. Бірақ ақша қабылдайтын қосымшасы өзге біреудің атына рәсімделген. Міне, сол адам мемлекеттік қызметші болса күдікке ілінеді.
Айнұр Сартаева, Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
- Бір-екі адамға талдау жүргізген кезде мемлекеттік қызметші келіншек өзінің туған ағасы такси қызметін жүргізіп, соның банктік картасын пайдаланғаны анықталып отыр. Білу керек қой өзінің картасын үшінші тұлғаның пайдалануына болмайтынын. Осындай жерде жауапкершілік туындауы мүмкін.
Мобильді аударымдар бойынша талдау ең алдымен тап осы мемлекеттік қызметшілер және олардың жұбайларынан басталыпты. Солардың арасында лимитті бұзған 8 мың адам анықталған. Оларға 3 ай қатарынан ай сайын 100 астам адамнан телефондарына ақша жіберілген. Қазір әр факті бойынша талдау жасалуда. Екінші кезеңде кәсіпкер адамдардың телефонындағы қаржылық операциялар саны есептеледі. Ол 2024 жылдан басталады. Мамандар оларға тауарды кассалық апарат немесе QR кодпен ғана сатуға кеңес беруде. Ал мобильді аударым түрінде қабылдаса ақшасын жасырған күдікті тізіміне алынады. Сондай-ақ келесідей жауапкершілік жүктеледі.
Айнұр Сартаева, Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
- Мәселен, 10 млн табыс тапты. Мобильді аударымдарымдар арқылы және де біз оны дәлелдей алдық. Ол 10 млн 10% табыс салығы ретінде төлесе болды. Бізге артық еш нәрсе керегі жоқ. Төлемесе қатаңдау шаралар қолданылады6 айыппұл басқада. Кәсіпкерлігін заңсыз жасаған тиімді ме, әлде заңдастырып 3%, 1% төлеген тиімді ме?
Соңғы кезде қоғамда аударым жасауға болмайды, ақшаны қолма-қол қолдану керек, әйтпесе салық төлейсің деген қауесет жиі айтылып жүр. Оған негіз жоқ.
Нұржан Қуандықов, Мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директоры:
- Жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін мысалы туыстарына, достарына, ата-аналар мен балаларына көмек мобильді аударымдар жасай алады және қабылдай алады. Бұл ретте мұндай аударымдарды декларациялаудың қажеті жоқ. Өйткені олар жеке тұлғаның табысына жатпайды.
Бастысы – қатарынан 3 ай бойы, ай сайын жүзден астам адамнан ақша қабылдамаңыз. Егерде арасында үзіліс жасап төлем аударылса, я болмаса аударым саны 100 жетпесе ол тұлғаларға тексеріс жүргізілмейді.