Қазақстандықтар енді қажылыққа бара алмайды
Қазақстандықтар енді қажылыққа бара алмайды. Бес парыздың бірін орындауға қалтаңдағы қаражат та, таныс-тамыр да көмектеспейді. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы хабарлады. Себебі күні кеше ғана тіркелу аяқталды.
Биылғы даудан кейін мүфтият 17 турфирманы електен өткізіп, таңдағанын айтады. Енді өтінім беріп үлгергендер ғана Сауд Арабиясына аттанады. Біздің елге алдағы қажылық маусымы үшін 10 мың орын берілген. Бас мүфти тізімде бар фирмаларға ғана сенуге шақырды. Меккеге қажет болса арқалап апарамыз деп ант-су ішсе де, өзге туроператорларға ақшаңызды бермеңіз деп ескертті.
Өткен айда ғана 300 адамды заңсыз қажылыққа жіберіп, олар шекарадан өткенде ұсталып, тергелуіне себепкер болған «Zam Zam Qazaqstan» туристік компаниясының басшысы ұсталғанын еске салайын. Ішкі істер министрлігі күдіктіні қамауға алып, сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған болатын.