Жылу беру маусымы қалыпты жағдайда өтіп жатыр
Осы жылу маусымында «Самұрық-Энерго» компаниясына қарасты барлық электр станциялары қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. Яғни жарық пен жылу жүктемесі белгіленген кестеге сай берілуде.
Жылуға жауапты мекемелердің айтуынша, алғашқы қатты аязда кәсіпорындар түгелдей штаттық режимде еңбек етті. Ешқандай түйіткіл мәселелер туындаған жоқ. Отын қоры жеткілікті.
Алматыдағы екінші жылу электр станциясы 510 мегаватт электр энергиясы мен 1411 гигакалория жылу өндіреді. Мегаполистің жартысына жуығын яғни 50% осы кәсіпорын жылумен қамтамасыз етеді.
Фазоил Салимов, екінші жылу электр орталығының директоры:
- Алматы екінші жылу орталығы осы аймақтағы үлкен кәсіпорындарың бірі. Қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Нысан тәулік бойы бақылауда. Мамандар ауысыммен еңбек етеді. Мұнда 700 тарта адам бар. Орталық «Алматы электр станцияларымен» бірге жұмыс істейді.
Жаз кезінде «Самұрық-Энерго» жылыту орталықтарының басты және қосымша қондырғылары, құралдары толықтай жөндеуден өтті. Көмір мен мазут қоры жеткілікті. «Осыған орай жылу маусымын ойдағыдай атқарамыз», - дейді мұндағы мамандар.
Абзал Жақыпбаев, екінші жылу электр орталығының бас инженері:
- Қатты аяздарда біздің станция штаттық режимде ешқандай аварийный ешқандай жағдайлар болған жоқ. Штаттық режимде өттік. Сондай суықтар болатын болса, штаттық режимде өтеміз деп ойлаймын . Өйткені негізгі және қосалқы құрылғылар бәрі дайын.
«Алатау жарық компаниясы» да жылу маусымына дайындықты ерте бастаған. Бұл кәсіпорын Алматы мен Алматы облысындағы 4 млн халықты электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
Ғабдолла Бекшаев, «АЖК» АҚ өндірістік-техникалық басқармасы бастығының орынбасары:
- Электр энергиядан тапшылық болмау үшін АЖК күрделі жөндеу жұмыстарын жыл сайын жүргізеді. Кабельдік желілерді, трансформаторлық подстанцияларды соның бәрін жөндеуден өткіздік.
Қыс қаһарымен сынайды. «Бірақ дер кезінде қолға алынған шаралардың негізінде жылу мен жарық үздіксіз беріледі», - дейді сала мамандары.
Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев